Ауа райы

Қыркүйек айында ауа райы қандай болмақ

Қыркүйек айы басталғаннан бері теріскейлік тұрғындарға қауырт желіден ауа райына қатысты екі мәрте хабарлама келді. Алайда, бұндай СМС-термен солтүстікқазақстандықтарды таң қалдыра алмайсың.

 

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

 

– Шие, таңқурай мен қарақаттың маусымы артта қалды. Енді, бау-бақшада пісіп тұрған алма, алмұрт пен картоп, асқабақты жинау қажет. Саяжайшылар бұл шаруада асығар емес. Қыркүйек айының ауа райы өнімдерді ысырапсыз жинап алу үшін қолайлы бола ма екен?

Көпшілік қауымды осы сұрақтың мазалап отырғаны рас. Қазір бағбаншылар да еккен өнімдерін жинап алуға асық.
Тамыз айында болған суықтан Екатерина Вьюхованың өсірген алмалары пісіп үлгермей, жарылып кетсе керек. Бақшада әлі біраз көкөнісі бар. Сондықтан, саяжайшы қыркүйек айының жылы болғанын тілейді.

Екатерина Вьюхова:

– Саяжайға барар алдында бір күн бұрын міндетті түрде ауа райын қараймын. Күнде құбылады. Енді, қыркүйек айы жылы болғанын қалаймын. Әлі тәтті бұрыш, картоп пен қырыққабатты жинау қажет. Егер күн ашық болса, бұрыш қызарып та үлгерер еді.

Қыркүйек айындағы ауа райының жақсы болуын тек саяжайшылар ғана емес, барша теріскей өңірі тілейді. Себебі, алтын астықты уақытында жинап алу қажет. Бұл үшін ең алдымен, күннің ашық болғаны абзал.

–  Ауа райы жақсы, ашық болсын. Себебі, бізді нанмен қамтып отырған диқандар астықты жинап үлгерсін деп тілеймін.
Ініме егін ору науқанына көместесуге бармақпын. Қазір ауа райы кедергі келтіруде. Күн жақсы болады деп сенеміз.

Синоптик мамандардың болжауы дәл келсе, онда ауаның орташа айлық температурасы 10-11 градус шамасында болмақ. Мәселен, бірінші онкүндіктің ортасында күндіз 15-20, ал кейін 12-17 градусқа дейін төмендейді.

Әсемгүл Айтуарова – “Қазгидромет” ШЖҚ РМК СҚОФ инженер-синоптигі:


–  Екінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде 8-13, кей жерлерде 3 градус жылыға, күндіз 18-25 градус жылыға дейін жоғарылайды. Одан кейін түнде 3-8 жылыға, кей жерлерде 2 градус аязға, күндіз 10-15, кей жерлерде 18 градус жылыға дейін төмендейді.


Қыркүйектің 20-сынан кейін ауа температурасы күндіз + 15-20, түнде 7-12 градус болады. Ал онкүндіктің соңына қарай түнде 0 градусқа дейін жетеді деп күтілуде.

Әсемгүл Айтуарова – “Қазгидромет” ШЖҚ РМК СҚОФ инженер-синоптигі:

– Жауын-шашынның айлық мөлшері нормаға сай, кей жерлерде қалыпты дейгейден көп болады. Әдеттегі мөлшері – 35-34 мм.

«Нөсер жауын, желдің ұйытқуы мен қар күтілуде…» Теріскейліктерді қауырт желіден жиі келіп тұратын смс-хабарламалармен таң қалдыра алмайсың. Себебі, күніне мың құбылатын ауа райына ақ қайыңдар өлкесі тұрғындарының еті әбден үйренген. Тіпті, маусым мен тамыз айының жаңбырлы әрі суық болғаны солтүстікқазақстандықтар үшін үйреншікті дүние. Енді, жерлестеріміздің бар үміті қыркүйек айында.

Эльмира Сәдуақасова