Спорт

“Құлагер” жаңа маусымды жеңіспен бастады

Шайбалы хоккейден ҚР ашық біріншілігін солтүстікқазақстандық “Құлагер” командасы жеңіспен бастады. Кеше жергілікті хоккейшілер өз алаңында рудныйлық “Горнякты” 3:2 есебімен тізе бүктірді. Айта кеткен жөн, матчтың соңғы екі шайбасы ойын соңына 1 минут қалғанда соғылды.

 

Саят Ермек – тілші:


– Екі жыл қатарынан Ел Кубогін иеленген құлагерліктер биыл хед-трик жасай алмады, топтық кезеңнен ұшып кетті. Алайда, бүгін ҚР ашық біріншілігі бастау алды. Алғашқы қарсылас рудныйлық “Горняк”. Матч бірнеше минуттан кейін бастау алады.

Маусымашар кездесудің мұншалықты әсерлі боларын жанкүйерлер күтпеген еді. Өйткені, алғашқы 20 минуттықта қос құрама асқан белсенділік таныта қоймады. Сәйкесінше, үзіліске есеп ашпай кетті. Алаң иелері тек екінші периодта ояна бастады. Шабуылдан соң шабуыл. Кезеңнің тең жартысында 24-ші нөмірлі Дмитрий Исмагиловтың соққысы теріскейліктерге басымдық әкелді. Араға 5 минут салып қонақтар да қақпаға шайба салды.

Алайда, бақылау камерасына 5 минуттай үңілген бас төреші оны есепке алмады. Екінші кезеңнің қорытындысы бойынша әзірге теріскейлік имек таяқ шеберлері алда.
Ойынның көкесін құлагерліктер де “Горняк” хоккейшілері де шешуші периодта көрсетті. Басымдық қолда деп алаң иелері салғырттық танытты ма, кезеңнің 15-ші секундында қонақтардың шабуылшысы Филипп Святына есепті теңестіріп жіберді. Ал негізгі уақыттың аяқталуына 6 минут қалғанда “Горняк” тіпті оза шапты.

Есеп 1:2. Ойынның аяқталуына 1 минут қалды. Алғашқы матч сәтсіз өтті деп түңгілген жанкүйерлер бір сәтте айқай сала жөнелді.

Осылайша, 69 нөмірлі құлагерлік шабуылшы Федор Хорошев таблодағы есепті 2:2 қылды. Енді овертаймды тамашалауға оқталып отырған көрермен матч аяғына небары 21 секунд қалғанда тағы бір дүрлікті. Құрама сапына жуырда ғана қосылған Максим Первухин қақпашыдан айласын асырып, соңғы секундтарда “Құлагерге” жеңіс сыйлады. Қорытынды есеп 3:2.

Дмитрий Исмагилов – “Құлагер” ХК шабуылшысы:


– Былтыр да маусымның алғашқы шайбасын мен соққан едім. Бұл дәстүрге айналса, қуанудан басқа амалым жоқ. Бірінші периодты нашар ойнап шықтық. Кейін қарқын қосып, жеңісті суырып алдық. Соңғы екі шайбаны екінші бестік соқты. Жігіттер жарады!

Маусымды жеңіспен бастаған теріскейлік тарландар Рудный хоккейшілеріне қарсы қарымта кездесуді бүгін сағат 19:00-де өткізеді.

Саят Ермек