Қоғам

Петропавлда “3 желания” сауда маркасының ұтыс ойыны өтті

Петропавлда “3 желания” сауда маркасының кезекті ұтыс ойыны өтті. Бұл жолы компанияның жергілікті филиалы тұрғындар арасында тұрмыстық техника мен бас жүлде 1 миллион теңгенің сертификатын ойнатты.

 

Кезекті науқанға “3 желания” сауда маркасының майонезін сатып алып, қақпақ астында жасырылған кодты смс-хабарлама мен промо сайтта тіркеген жерлестеріміз қатыса алды. Бұл жолы ұйымдастырушылар 100 тұрмыстық техника және бас жүлде ретінде 1 млн теңгені ұтысқа тігіп отыр.

Андрей Пустовалов – “Eurasian Foods Corporation” АҚ Петропавл филиалының директоры:

– Бүгін 2,5 айға жалғасқан акцияның қорытындысы жарияланады. Мысалға, қақпақтағы кодты күнде жолдап, жеңімпаз атанған қатысушылар ұялы телефондарына бірлік алып отырды. Біз науқан алдында 17 мыңдай өңір тұрғынына смс-хабарлама жолдадық. Фирма мемлекеттік мерекелердің барлығында өз клиенттерін қуантып отыруды игі дәстүрге айналдырды.

Шара барысында жолы болып, сауда маркасы ұсынған сыйлықты иеленгендер қатары аз болмады. Жүргізушілер сол жерде-ақ ұтыс иегерлеріне қоңырау шалып, қуанышты жаңалықтармен бөлісті. Мәселен, шаһардың 2 тұрғыны кір жуатын машинаға қол жеткізсе, 1 аудан тұрғыны тоңазытқышқа ие болды. Ал бас жүлде 1 млн теңгені – петропавлдық клиент қанжығалады.

Бүгінде компания майонез, кетчуп пен дәмдеуіштердің жүздеген түрін шығарып келеді. 60 жылдық тарихы бар сауда маркасының тауарлары тұрғындар арасында жоғары сұранысқа ие. Бұл күні компанияның шақыруымен солтүстікқазақстандықтардың алдында еліміздің танымал әншісі Нұрлан Абдуллин өнер көрсетіп, тыңдармандарға жоғары көңіл-күй сыйлады.

Бахыт Садвокасов