Ауыл шаруашылығы

Есіл ауданында “Бастау Бизнес” жобасы сәтті іске асуда

“Кәсіп түбі – берекет”! Есіл ауданының тұрғындары кәсіпкерлік негіздеріне баулитын оқыту курстарынан өтіп, жеке істерін бастап жатыр. Қазірдің өзінде бағдарламаға жүгінген Явленка елді-мекеніндегі 10 ағайынға жеңілдетілген несие берілген.

 

Есіл ауданындағы Явленка селосының тұрғыны Сәуле Закерина ұзақ жылдар бойы үй шаруасында отырған. Ал, отағасы болса ауыл шаруашылығы колледжінде еңбек етеді. Биыл нәзікжанды “Бастау Бизнес” жобасының қатысушысы атанып, 1 млн 200 мың теңгенің жеңілдетілген несиесіне қол жеткізіпті. Бұл қаржыға 4 бас сиыр мен алдағы қысқа жем-шөп сатып алған. Қазір малдары жайылымда бағылып жүр.

Сәуле Закерина – “Закерина СК” ЖК басшысы, Есіл ауданы:


– Отбасым үлкен болғандықтан, малды көбейту ойымда бар. Сол мақсатыма жетіп келемін. Сүтпен өзімізді қамтып отырмыз. Жұмыс болмады, сол газеттен естіп жұмыспен қамту орталығына жүгіндім. Олар мені курсқа жіберіп, кейін сертификат берді.

Сауын сиырларын сатып алған жерлесіміз болашақта ірі қара санын көбейтуге ниетті. “Бастау Бизнес” бағдарламасына екі қолға бір күрек таба алмай жүрген ауыл тұрғындары иек арта алады. Олар алдымен кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеретін курстан өтіп, құжаттарын жинағаннан кейін барып қана несие рәсімдейді. Басты талап – қаржы институтынан заем алушылардың кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт.

Бауыржан Қайролла – Есіл ауданы жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы:

– Жыл басынан “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы арқылы құны 72 млн теңгенің бизнес-жобасы қанағаттандырылды. Осы күні жоба аясында кәсіпкерліктің бастапқы негізін меңгерген 61 аудан тұрғыны сертификатқа ие болды. Оқып шыққан 10 тұрғынға 24 млн теңгенің заемы берілді. Жүзеге асырылған жобалардың дені мал шаруашылығына тиесілі.

Жалпы, биыл Есіл ауданында “Бастау Бизнес” бағдарламасы аясында тұрғындардан 23 өтініш келіп түскен.

Бахыт Садвокасов