Қайырымдылық

6 айлық Стэфанға қаржылай көмек керек

Анасы баласының өмірі үшін күресуде. Өңір дәрігерлері тағы бір баланың бойынан сирек патология тапты. 6 айлық Стэфанның бұлшық еттері әлсізденіп, денесі жансызданып барады. Туғанынан аурухана кереуетіне таңылған балақай түтікше арқылы ғана тыныс алады. Бауыр еті баласының жағдайын жақсарту үшін анасы оны Германия дәрігерлеріне көрсетіп, емдегісі келеді. Сондықтан, ол жомарт жандардан қаржылай көмек көрсетуді сұрайды.

Тұңғышын дүниеге алып келген күннен-ақ Алина Вичканованың көңілі орнында емес. Өйткені, туылған кезде сәбиінің кеудесі кішкентай болған. Салдарынан нәрестенің өкпесі қысылып, тыныс алуына біраз қиындып тудырыпты. Сөйтіп, туа сала, Стэфан Вичканов бір ай жан сақтау бөлімінде жатып шықты. Ал кейін неврология бөлімшесіне ауыстырылған. Бүгінде 6 айды еңсерген сәбидің бар өмірі ауруханада өтіп жатыр. Бұдан бөлек, дәрігерлер науқасқа арқа тұсындағы бұлшықеттің атрофиясы диагнозын қойып отыр. Яғни, бүлдіршіннің бұлшық еттері әлсіз. Бұл өте сирек кездесетін әрі тұқым қуалайтын патология түрі.

Елена Бедина – облыстық балалар ауруханасы неврология бөлімшесінің меңгерушісі:

 

– Баланың орталық жүйке жүйесінде ақау бар. Аяқ-қолдары біртіндеп құрысып жатыр. Өздігінен қимылдай алмайды, тыныс алуы да қиындаған. Денсаулық жағдайы мүшкіл. Алыс жолды көтере алмауы мүмкін.

Дей тұрғанмен, жергілікті ақ халаттылар Стэфанның медициналық құжаттарын жинастыруда. Өйткені, Алина Вичканова сәбиін Германияға апарып, емдеткісі келеді. Бірақ қаражаттың жоқтығы қолбайлау болып тұр.

Алина Вичканова – Стэфанның анасы:

– Балам жасына сай жетіліп келеді. Ақыл-есі дұрыс. Айтқан сөздерімді түсінеді, күлімдейді. Мен оның өмір сүргенін қалаймын. Күн өткен сайын сәбиімнің бұлшық еттері әлсіз болып барады. Оны ширату үшін арнайы медициналық Спиназа препараты қажет. Ол Германияда бар екен. Шет елде бір жылдық емнің құны 750 мың евро тұрады. Неміс дәрігерлері операция жасамайды. Тек емдеуге келісті. Германияға баруым керек. Бірақ екі арада ұшақпен қатынау құнының қанша боларын әзірге білмей отырмын.

Алина Вичканова тіпті сәбиін бауырына басып емізе алмайды. Бүлдіршін түтікше арқылы тамақтанады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұлшықеттің атрофиясы диагнозымен ауыратындар 6 айдан 15 жылға дейін өмір сүреді. Дәрігерлер бұл туралы Алина Вичкановаға ескерткен. Бірақ ана жүрегі баласының жазыларына сенеді. Өмірі үшін күрескісі келеді. Сондықтан, жомарт жандардан қаржылай көмек көрсетуді сұрайды.

Вичканова Алина Юрьевна
KZ 446010002009730603
kiwi: 87076998124
телефон № 87076998124

Берік Қасен