Спорт

Жерлестеріміз Азия ойындарының жүлдегерін қарсы алды

Ел мерейін асырған ұл-қыздарға лайықты құрмет! Кеше солтүстікқазақстандықтар XVIII жазғы Азия ойындарында жүлдегер атанған жерлестеріміздің алғашқы легін қарсы алды. Салтанатты шарада теріскейліктер дүбірлі додада күміс алқа иеленген жеңіл атлет Маргарита Мукашева мен велошабандоз Жандос Бижігітовпен жүздесті.

Спорт сарайына қолдарына түрлі-түсті шарлар мен гүл шоқтарын ұстаған жандар жиылған. Олар жақында Индонезияның астанасы Джакарта қаласында өткен XVIII Жазғы Азия ойындарының қатысушыларын күтіп тұр. Көп кешікпей нысан ішіне дүйім жұрт асыға тосқан жерлестеріміз келді. Маргарита Мукашева мен Жандос Бижігітовты теріскейліктер ыстық ықыласпен қарсы алды.

Сары құрлықтың үздіктері сынға түскен жарыста Маргарита Мукашева күміс алқа иеленді. Желаяқ 800 метрлік қашықтыққа жүгіріп, қытай қызына ғана есе жіберіп алды. Айта кетейік, бұл жерлесіміздің соңғы жылдардағы ең ірі байрақты бәсекесі. Жеңіл атлет өткен жылы ана атанып, біраз сайыстарға қатыспаған болатын.

Маргарита Мукашева – XVIII жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері:


– Азия ойындарына жақсылап дайындалдым. Ұзақ уақыт таулы аймақтарда жүгіріп, физикалық қарым-қабілетімді арттырдым. Оқу-жаттығу жиындары кезінде отбасым өзіммен бірге болды. Олар мені үнемі қолдап отырды. Сол себепті ата-анам мен жолдасыма алғыс айтамын. Араға бірнеше жыл салып мұндай ірі жарыстың жүлдегері атанғандығыма қуаныштымын. Нәтижеме көңілім толады.

Азия ойындарына қатысқан Жандос Бижігітовтің де еңбегі орасан. Ол аталмыш жарыстың 2 дүркін чемпионы атанған жерлесіміз Алексей Луценкомен бірге өнер көрсетті. Велошабандоз 150 шақырымға созылған топтық сайыста әріптесінің алтын алқа иеленуіне көп көмектесіпті. Жалпы, 4 жылда бір өтетін бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасы 76 медальді еншіледі. Соның 6-уын өңір спортшылары мойындарына таққан.

Руслан Есеналин, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:


– Жарыста облыстың спортшылары рекордтық көлемдегі алқалар иеленді. Айтар болсам, біздің ұл-қыздар 2 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль еншіледі. 22 жыл бойы Қазақстан ұлттық құрамасының өкілдері түрлі сайыстарда велотректен жүлдегер атанбапты. Енді, жүлдегеріміз бар. Ол – теріскейлік Артем Захаров. Жерлесіміз Азия ойындарында қос қоланы қанжығасына байлады. Тағы, жеңіл атлет Михайл Литвин де жеңіс тұғырының 3-ші сатысынан көрініп, баршамызды қуантты.

Салтанатты шара соңында жиналғандар Маргарита Мукашева және Жандос Бижігітовпен естелік суретке түсіп, олардың қолтаңбаларын алды.
 

Култанов Байболат