Балалар

Теріскейде «ПетроФЕСТ» атты жастар фестивалі өтті

Демалыс күндері облыс орталығында “ПетроФест” фестивалі өтті. Қаламыздың дарынды жастары би алаңында батл ұйымдастырып, өзара мықтыны анықтады. Бұған қоса, қатысушылар сурет салып, өздерін спорттық сайыстарда да сынап көрді. Аталған шара ата заңымыз – Конституция күніне орай ұйымдастырылды.

Мына жерге жиылған жасөспірімдердің басым бөлігі мектеп оқушылары мен колледж студенттері. Барлығының басын қосқан “Петрофест” фестивалінде білеулері би билеп, түрлі ойындарға қатысып жатса, енді біреулері сурет салып жатыр. Оның өзі жай сурет емес, графитти сызбасындағы туындыларды өмірге әкелуде.

Эдуард Глумов болса, жұқа тақтайдың үстінде раушан гүлін салмақшы. Ең қызығы, өсімдік қара түсті. Ал жапырақтары, ашық көгілдір болады. Бұл туынды жасөспірімнің қиялынан туған.

Эдуард Глумов:

-Сурет салуды кішкентай кезімнен жақсы көремін. Ал, графитти стилінде бір жыл бұрын жұмыс істей бастадым. Қиын деп айта алмаймын. Себебі, бұл менің сүйікті ісіме айналды. Көбінесе туындыларымды ақ қағаз бетіне түсіремін.

Ал, мына жерде жастар турникте Стрит Воркаут спорттық сайысында түрлі гимнастикалық жаттығулар жасап жатыр. Аталмыш спорт түрі қазіргі жастар арасында трендке айналған. Мәселен, турник жанына жиылған жастар шағын денелі болса да, белтемірде тартылудың түрлі тәсілдерін көрсетуде. Солардың бірі , 16 жастағы Альфия. Ол гимнастикамен 10 жыл айналысады. Оған қоса хобби ретінде достарымен бірге Стрит Воркаутпен әуестеніп жүр.

Альфия Мамашарипова:


– Стрит Воркаут спорт түрі денсаулыққа пайдалы. Себебі мен өзімді мықты әрі сенімді сезінемін. Бұл фестивальге былтыр да қатыстым. Байқағанымдай жыл санап қатысушылардың саны артып келеді.

Сондай-ақ, пластика мен әдемі ритм-ырғақты меңгерген мың бұралған бишілер брейк данс, хип-хоп стилінде нағыз «батл» ұйымдастырды.

Айта кеткен жөн, “Петрофест” жастар фестивалі қаламызда дәстүрге айналған. Мұндай шаралардың шаһарымызда жиі өткізілуі жастарды жаман әдеттерден аулақ болуға үгіттеп, ұнамды істермен айналысуға түрткі болады.

 

Ешкенова Дана