Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-ға іс сапармен Үкімет басшысы келді

Өңірге жұмыс сапарымен ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев келді. Үкімет басшысы алдымен «Жас өркен» ықшам ауданында тұрғызылып жатқан “Оқушылар сарайы” және 332-і пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Кейін мейман жергілікті жоғарғы оқу орнында болып, облыстық ауруханаға да бас сұқты.

Үкімет басшысы алдымен «Оқушылар сарайына» ат басын бұрды. Әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысы 2017 жылдың желтоқсан айында басталған болатын. Бүгінде ғимараттың тек ішкі әрлеу жұмыстары ғана қалған. Жоба жетекшісінің айтуынша нысан 30 қыркүйекке дейін қолданысқа беріледі.

Жомарт Қарсақбаев- жоба жетекшісі:

– Нысанның аумағы 3,3 гектар. Жоба құны 3,6 млрд теңгены құрайды. Бүгінгі таңда оның 3,2 млрд теңгесі игерілді. Яғни құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Енді қалған шаруаны 30 қыркүйекке дейін тамамдауды жоспарлап отырмыз.

Қазір құрылыс алаңында 200 азамат екі ауысымда еңбек етуде. Орталық 1800 балаға шақталған. Ғимаратта 298 орындық концерт және 150 орындық мәжіліс залы болады. Оқушылар сарайының ерекшелігі – мұнда IT технологиялар орталығы бар. Премьер-министрге «Софт бағдарламалау» кабинеті көрсетілді. Мұнда балалар жаңа технологияларды, айти саласының қыр-сырын меңгереді.

Қуандық Бекхожин- бағдарламалау кабинетінің оқытушысы:

– Қазіргі заманның талабына сай өскелең ұрпақ жаңа технологияларды игеруі қажет. Сондықтан да мұнда оларға айти саласының қыр-сырын үйретеміз. Осылайша уақыт өте келе балалар білікті маман атанады деген ойдамыз. Біз мұнда түрлі жобалар жасаумен айналыспақшымық. Дәл қазір «Темметриялық басқарудың бағдарламалық-аппараттық кешені» деп аталатын жобамен жұмыс істеудеміз. Бұл дегеніміз – үлкен бір нысанды немесе кешенді бағдарлама арқылы басқару.

Сондай-ақ, Премьер-министр қараша айында өтетін Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумына арналған “Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудың жаңа көзқарастары мен тенденциялары” тақырыбындағы көрме кешенінің концепциясымен танысты. Жоспар бойынша форумда еліміздің барлық туристік аймақтары мен нысандарының интерактивті көрмесі ұйымдастарылады.

Ақтоты Райымқұлова- ҚР мәдениет және спорт вице-министрі:

– Біздің ойымызша бұл көрме кешенінің ең маңызды бөлігі – диаметрі 2 метрлік сенсорлы үстел болмақ. Онда еліміздің барлық 50 туристік нысаны көрсетіледі. Сол арқылы қалаған туристік аймағыңыз туралы мәлімет аласыз. Мысалы олардың дамуы, орналасуы,жетістіктері мен тарихы жайлы ақпарат жүктеледі.

Ал, оқушылар сарайына қарама-қарсы жерде 332 пәтерлі тұрғын үй бой көтеруде. Оның құрылысы өткен жылдың шілде айында басталыпты. Жобаның құны 3 млрд. 600 млн. теңге. Бүгінге дейін жұмыстың 50 пайыздан астамы аяқталып, бөлінген қаржының 1 млрд. 900 млн. теңгесі игерілген. Баспананы жергілікті «Основание» серіктестігі тұрғызып жатыр. Компания басшысы Сергей Тимофеевтің сөзінше, нысанның құрылысына пайдаланылған материалдардың 92 пайызы жергілікті кәсіпорындардың өнімі екен.

Сергей Тимофеев – «Основание» ЖШС директоры:


– Біз құрылыста көбінесе «Основание» компаниясы дайындаған материалдарды қолданамыз. Бетон, витраж бен терезелердің барлығы өзімізде дайындалады. Ал, линолеум, фурнитура мен сантехниканы шетелден алдыртамыз. Баспананың құрылысын 2019 жылдың қазанында аяқтамақшымыз. Баспананың аумағы 26 мың 800 шаршы метрді құрайды. Нысанның бірінші қабатында екі шағын орталық орналаспақ.

Жалпы, пәтердің 1 шаршы метрінің құны 165 мың теңге болса, оны мемлекеттік бағдарлама арқылы 140 мың теңгеге алуға болады.

Ал, келесі жылы теріскейліктерге аталмыш бағдарлама арқылы 29
бір қабаттты және 1576 пәтерге шақталған 11 көпқабатты баспана ұсынылады. Үйлердің 5-уі қазір Жас өркен ықшам ауданында бой көтеруде.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


-Жас өркен ықшам ауданындағы ескі жер үйлердің барлығы сүріледі. Орнына көпқабатты баспаналарды тұрғызамыз. Осылайша қаланың кіреберісінде шамамен 20 мың адамға шақталатын су жаңа аудан бой көтереді.

Тағы, теріскейге жасаған жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де де болды. Бүгінде жоғарғы оқу орнында 7200-ге жуық жас білім алып жатыр. Студенттердің саны 2020-2021 жылдарға қарай бұдан да арта түспек. Осылайша, шәкірттердің қатарын 10 мыңға дейін жеткізу көзделген. Дегенмен, қазір қара шаңырақта оқитын ұл-қыздар үшін жатахана тапшы болып тұр. Университеттің 3 бірдей жатын корпусы болғанымен, оларда бос орын жоқ. Сол себепті биыл 10-шы оқу корпусының екі қабатын тұрғын-жай қылуға тура келіпті. Өзекті проблеманы шешу бағытында қолға алынған өзге шаруа жайын Премьер-министр университет ректорынан сұрап білді.

Сонымен қатар, Премьер-Министр әңгіме барысында университеттің техникалық базасын жаңарту керектігін айтты. Үкімет басшысы білім ошағының тағы бірнеше оқу корпусын аралап, студенттермен тілдесті.
Облыстық ауруханаға қарасты ғимараттарда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілгенімен, қасбеті мен шатыры салынғалы бері, яғни 1974 жылдан жөндеу көрмепті. Биыл жергілікті қазынадан 152 млн. теңге бөлініп, тиісті шаруа басталып кеткен. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев аталған медициналық ұйымның жұмысымен танысып, тұрғындармен тілдесті.

Осы жерде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев саладағы өзекті мәселелерді қозғады. Ведомство жетекшісінің сөзінше, бүгінде өңірдегі медициналық ұйым ғимараттарының жартысынан астамы ескіріп, тозған. Нысандардағы орын тапшылығы еселей түскен. Сондықтан да облыс орталығында жаңа көпбейінді аурухана салу қажеттілігі туындап отыр дейді басқарма басшысы.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

 

-Облыстық деңгейдегі ауруханалар өткен ғасырдың бірінші жартысында салынған. Жалпы тозу көрсеткіші 62,5 процентке жеткен.

Сондықтан, Тимур Сұлтанғазиев Премьер-Министрден 700 орындық көпсалалы аурухананың құрылысына қаржылай қолдау көрсетуді сұрады.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:


– Көпбейінді аурухананың ішінде облыстық аурухана, СҚО онкологиялық диспансер, облыстық перинаталдық орталық, облыстық тері-венерологиялық диспансер, СҚО кардиологиялық орталық және инфекциялық бөлімше кіреді. Сонмен қатар осында жедел-жәрдем станциясын да осы ауруханаға қосып, осылайша, 7 емхананы біріктірмекшіміз.

Жоспар ойдағыдай іске асса, 2025 жылға қарай көпбейінді облыстық ауруханада көрсетілетін қызметтердің есебінен өңір қазынасына жылына 4 млрд. теңгеден астам табыс түсіп отырады. Оның үстіне, 1,5 млрд. теңгеге дейін мемлекет қаржысы үнемделмек. Бастысы, түрлі аурулардан болатын өлім саны азаяды дейді мамандар.
Ал мынау «Hampton by Hilton» қонақ үй-сауда кешені. Шаһардың орталығында бой түзеген нысанның құрылысы 3 жылдан бері жүргізілуде. Өңіраралық форумға келетін қонақтарды қабылдайтын ғимарат қазан айында қолданысқа берілмек. Сондықтан үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев мәртебелі меймандар жайғасатын кешеннің де жұмысымен танысты.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:


– Нысанның төменгі қабатында жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері сатылатын «Фрэш маркет» орын теппек. Ал 1 мен 2-ші қабаттарда сауда орындары жайғасады. Ғимараттың 3-ші қабатында дәмхана, фаст-фуд және мейрамханалар болады. 4-ші мен 8-ші қабаттар қонақ үйлерге арналады. Және мұнда екі мәжіліс зал қарастырылған. Қалған 2 қабат кеңсе ретінде жалға беріледі.

Қонақ үйде 122 нөмір бар. 180 адам жайғаса алатын бөлмелердің жағдайын көрген Премьер-министр оған жақсы деген бағасын берді. Кешенің құрылысына кәсіпкер 4,3 млрд теңге қаржы құйыпты.

Валерий Гнедой – «Hampton by Hilton» қонақ үй-сауда кешенінің менеджері:

 

-Хилтон қонақ үйі франшиза бойынша тұрғызылуда. Сондықтан нысанның дизайыны барлығы әлемдік брендтен алынған. Сол себепті де барлық стандарттарға сай жасалуда. Айта кетейік, бұл Петропавлдағы алғашқы 3 жұлдызды қонақ үй болмақ.

Жалпы форум кезінде облыс орталығына 600 шақты мейман келеді деп күтілуде.

Сондай-ақ, Үкімет басшысы «РИМ-КАЗАГРО» серіктестігінің жеке индустриялық аймағына ат басын бұрды. Мұндағы зауыт металлопластикалық бұйымдар өндіреді. Полиэтиленді пакеттерден қайта дайындалған тауарлар елімізден өзге, шет мемлекеттерде де саудаланып келеді. Тапсырыс жақсы, сондықтан, кәсіпорын 180 жерлесімізді жұмыспен қамтыған.

Евгений Ли- «Рим-Казагро» ЖШС металл-пластикалық өнімдер зауытының директоры:


– Зауытта пленкалар мен полимерлерді жинап, қайта өңдейміз. Ал Бескөлде түйіршіктерді өңдейтін өндірістік алаңымыз бар. Бұл жерде біз жаңа өнімдер шығарамыз.

Осы жерде облыс әкімі Құмар Ақсақалов Бақытжан Сағынтаевқа нысанды кеңейту бағытында атқарылатын жұмыстар жайлы да баяндады.

Айта кетейік, өндіріс орнындағы металл-пластмасса бұйымдарын дайындайтын зауыт биыл іске қосылған. Өндірілген өнім көлемі жылына 180 млн теңгені құрамақ. Ал, кәсіпорынға 900 млн теңгенің инвестициясы құйылған.
Нысандарды аралағаннан кейін еліміздің Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев алқалы жиынға қатысты. Отырыста өңірдің 2018-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспары талқыланып, Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық барысы пысықталды.

Эльмира Садвокасова