Білім

СҚО бойынша 7,5 мыңға жуық бүлдіршін бірінші сыныпқа барды

Қыркүйектің бірінші жұлдызы – Білім күнінде облыс бойынша 7,5 мыңға жуық балғын 1-сыныпқа аяқ басты. Бұл күні теріскейдің барлық білім ошақтарында оқу жылының басталуына орай салтанатты іс-шаралар өтті. Қалалық жалпы білім беретін №1 лицейдегі мерекелік шараға біздің арнаның түсірілім тобы қатысты.

Мектеп формасын алғаш рет киген балғындар мен көп ұзамай оқу ошағынан түлеп ұшатын жеткіншектер! Жалпы білім беретін қалалық №1 лицейдің 900-ге жуық оқушысы үшін де қыркүйектің бірінде жаңа оқу жылы басталды. Білім күнімен лицей ұжымын облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтады.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:


– Бұл мейрамның әрбір адам өмірінде алар орны ерекше. Әсіресе, алғашқы қоңырау 1-сынып оқушылары үшін білім әлеміне қадам басар жауапты сәт болып отыр. Өйткені олардың жаһандық өзгерістерді түсінуін, жаңа технологияларға дайын болуын көздейтін ең озық жетістіктерді бойға сіңіру мектеп қабырғасынан басталады.

Мектеп табалдырығын аттап отырған бүлдіршіндердің ата-аналары үшін де бұл есте қаларлық күн. Тебіреніп тұрғандардың қатарында Райхан Қасымова да бар. Себебі, бүгін оның тұңғыш немересі 1-ші сыныпқа аяқ басып отыр.

Райхан Қасымова – ата-ана:


– Рамазанова Айлин 1-сыныпқа барды. Өте қуаныштымын, кеудеме сыймай отыр. Осы лицейді таңдаған себебіміз, мұнда дарынды мұғалімдер еңбек етеді. Менің қызым 4 пен 5-ке оқып, мектепті алтын белгімен тәмамдайды деп сенемін.

Кешегі балабақша тәрбиеленушілері бүгін – оқушылар. Білім күнінде олардың әрқайсысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан алғашқы кітап сыйға тартылды. Айтпақшы, биыл №1 лицей өз қанатының астына 100 балақайды қабылдап отыр.

Әмір Тимаев – жалпы білім беретін қалалық №1 лицейдің оқушысы:


-Я буду хорошо учиться и получать пятерки. Если будут шестерки, то и их буду получать.

Ал 57 жеткіншек үшін биыл лицей қабырғасындағы соңғы жыл. Қаз-қатар тізіліп тұрған 11-сынып оқушыларын алда маңызды сынақ күтіп тұр. Әрқайсысының алға қойған жоспары ауқымды.

Дарья Шнырева – жалпы білім беретін қалалық №1 лицейдің:


– Кеудемді қуаныш пен қобалжу сезімдері бірдей кернейді. Бұл мен үшін соңғы алғашқы қоңырау. Сондай-ақ бүгін 3 ай бойы көрмеген сыныптастармен және мұғалімдермен жүздестім. Мен алтын белгіге үміткермін. Сондықтан алдағы ҰБТ тыңғылықты дайындалып жатырмын. Экономист мамандығын таңдадым. Жоғары білімді Қазақстанда алсам деймін.

Айта кеткен жөн, биылғы оқу жылынын бастап облыс әкімінің бастамасымен бұл оқу ошағы 1-ші ІТ-лицей боп өзгертілді. Енді мұнда оқушылар білімді заман игіліктерінің көмегімен алатын болады. Алғашқы қадамадар да жасалып қойды. Мәселен, орта буын оқушылары үшін білім берудің қашықтық интерактивті жүйесі әзірленген. Оның көмегімен бір мұғалім екі сыныпқа бірдей сабақ бере алады, ауырып үйде жатқан оқушы онлайн режимде сабаққа қатыса алады, өзге де оң тұстары жететін. Жүйе әзірге пилоттық жоба ретінде енгізіліп отыр. Тиімділігі дәлелденсе, бұндай әдістеме өзге мектептердегі оқу үрдісінде де қолданылатын болады.

 

Саят Ермек