МТРА жаңалықтары

Муниципалдық телеарнаға – 20 жыл

1998 жылдан бері жаңалықтарды үздіксіз халыққа жеткізіп келетін муниципалдық телеарнаға 20 жыл толып отыр. Шығармашыл ұжым теріскей өлкесіне сапалы хабар таратып, қысқа ғана уақыттың ішінде көрермен көзайымына айналды. Арнаның мерейтойына осы журналистік мектептен түлеп ұшқандар да ортақтасты. Олардың арасында республикалық БАҚ белді өкілдері де бар.

Осыдан тура 20 жыл бұрын, көгілдір экранда жергілікті деңгейдегі жаңа телеарна өз жұмысын бастады. Ол кездегі штат бар-жоғы 3 адамнан тұрса, қазірде мамандардың саны 70-тен асып жығылады. 20 жыл бойы күнделікті олар теріскейліктерді дер кезінде сапалы жаңалықтармен қамту үшін аянбай тер төгіп келеді. Бүгін еңбегі көрермен қауыммен еленген ұжым үшін ерекше күн. Муниципалдық телеарнаға – 20 жыл толып отыр. Оның директоры Евгений Сазановтың сөзінше, мерейтойға жиналған әр адамның орны бөлек. Себебі, журналист, оператор, бейнеинженер мен редакторлардың қажырлы еңбегінің арқасында ғана арна толағай табыстарға жетіп, барша солтүстікқазақстандықтардың махаббатына бөленді.

Евгений Сазанов – МТРА директоры:


–  Муниципалдық телеарна жүздеген шығармашылық тұлғаның басын біріктірді. Жылдар бойы біз телевизия саласына өз үлесімізді қосуға тырыстық. Жаңа жобалар, бағдарламаларды көрерменге ұсындық. Өмірімнің 20 жылы муниципалдық телеарнамен байланысты болғанына бақыттымын. Осы ұжым мүшелері мен бұрын еңбек еткендерге алғысым зор!

Бұл тек журналистік қана емес, нағыз өмірлік мектеп. Муниципалдық телеарнаға келгендер кәсіби де, тұлға ретінде де қалыптасып, дамиды. Гүлмира Шоқтыбаева ұжым қатарына 2004 жылы қосылған. Тілші, диктор болып қызмет атқарған журналист қазір редактор лауазымында жүр.

Гүлмира Шоқтыбаева – МТРА қазақ редакциясының шеф-редакторы:


– Муниципалдық телеарнаға келгеніме еш өкінбеймін. Себебі, бұл – өңіріміздегі жаңалық таратын алдыңғы қатарлы арналардың бірі.

Жиналғандардың бірқатарын аққайыңдар өлкесінің тұрғындары ғана емес, барша Қазақстан жұртшылығы таниды. Бұл жандар қазір Ктк, Хабар, 24кз-те еңбек етуде. Алайда, олардың журналистикаға деген махаббаты муниципалдық телеарнадан бастау алыпты. Дәл осы жерде бұрынғы әріптестеріміз өздерінің шығармашылықтарын шыңдап, алғаш рет тікелей эфирге шығып көрді.

Сергей Гергиль – «Хабар-24» телеарнасының «Итоги дня» бағдарламасының автор-жүргізушісі:


– Алғашқы тікелей эфирім 2010 жылдың 6 қыркүйегінде өтті. Дәл сол кезде техникалық ақау орын алып, суфлер өшіп қалды. Бұндай жағдай болуы мүмкін деп ескертсе де, қатты қобалжыдым. Мәтінді қолымдағы қағаздан оқуға мәжбүр болдым. Осылайша, еңбек еткен 3 жыл ішінде мен журналист, диктор ретінде қалыптастым. Жалпы, муниципалдық телеарна ұжымының бір бөлшегі болғаныма қуаныштымын.

Муниципалдық телеарнада осы 20 жыл ішінде жүздеген БАҚ өкілі еңбек етті. Қазір көпшілігі еліміздің бетке ұстар масс-медиасында қызмет етіп жүрсе, кейбірі басқа саланың тұтқасын ұстауда. Алайда, олардың барлығын сүйікті арнаға деген махаббат біріктіреді.

Саят Ермек