Білім

“Бэст” гимназиясы білім күнін атап өтті

Биыл “БЭСТ” гимназиясы 1100 балаға есігін айқара ашты. Олардың 130-ы мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған бүлдіршіндер. Ал оқу жылының соңында 75 оқушы білім ұясынан үлкен өмірге қанат қақпақ.

Бұл жерге ақ бантик таққан бұрымды қыздар мен ақ жейде киген тұлымды ұлдар жиылған. Олардың жүздерінен қуаныш пен қобалжу сезімі байқалады. Себебі, туған мектептерде бүгін соғылған алғашқы қоңырау соңғы оқу жылын бастады. Оқушыларды осынау мерекемен білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова құттықттап, жаңа оқу жылында табыс тіледі.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:


– Құрметті оқушылар, 11-сынып түлектері сіздерге алдағы уақытта білім шыңын әрқашанда биік ұстауға тілектеспін.

Енді түлектер жиған-терген ілімдерін қорытындылап, жаңа кезеңге қадам баспақ. Олардың алдындағы мақсат – болашақ мамандықтарын таңдап, 11-сыныпты үздік аяқтау. Айта кеткен жөн, “БЭСТ” гимназиясында биыл “Алтын белгіге” 4 үміткер бар. Солардың бірі – Айгерім Макенова.

Айгерім Макенова – “БЭСТ” гимназиясының 11-сынып оқушысы:


– Оқуымды аяқтаған соң, Астанадағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алғым келеді. Таңдаған мамандығым – экономист. Ол үшін ҰБТ-ны жақсы тапсырып, жоғары ұпай жинауым керек.

Мектеп табалдырығын жаңа аттап отырған оқушылар үшін бүгін тіпті ерекше күн. Көздері қуаныштан бал-бұл жайнап тұрған бүлдіршіндер білім нәрін сусындауға дайын. Ал әзірге олар ортаға шығып, ата-аналар мен ұстаздарға жаттап келген тақпақтарын айтып берді.

Салтанатты жиыннан соң 1-сынып оқушылары кабинеттеріне жиналып, мұғалімдерімен танысты. Сынып сағаты барысында бүлдіршіндер қызықты тапсырмаларды орындап, көңілдері бір сергіп қалды. Соня Волохованы оқу жылына әжесі дайындаған екен. Осылайша, үйінде есеп шығарып, әріптерді жазып үйреніпті.

Соня Волохова – “БЭСТ” гимназиясының 1-сынып оқушысы:


– Мен 1-ші сыныпқа барғаныма өте қуаныштымын. Сыныбымда 25 оқушы бар. Олармен тез тіл табысып кетемін деп ойлаймын.

Сыныптың арғы жағында балаларын күтіп тұрған ата-аналар да аздап қобалжулы. Ғазиз ата немересі Айсұлтанды бірінші сыныпқа өзі ертіп әкелген екен. Ақсақал Айсұлтаның болашағынан зор үміт күтемін дейді.

Ғазиз Шаяхметов- ата-ана:


-Барлық оқушыларға сәттілік тілеймін. Оқулыраны жақсы оқысын.

Биылғы оқу жылында “БЭСТ” гимназиясында барлығы 1100 қала оқушысы білім алмақ.

 

Молдир Макишева