Қоғам

Темір жол вокзалы маңындағы павильондар алынып тасталмақ

The YouTube ID of https://www.youtube.com/embed/dL5pdJWqm78 is invalid.

Петропавлдағы темір жол вокзалында жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бірақ, оң өзгерістер тек ғимаратта ғана емес, оның айналасында да орын алады. Маңайы шаһар тұрғындары мен қонақтары үшін ыңғайлы етіп жасалмақ.

 

Осыдан бірер жыл бұрын теміржол вокзалы маңында әдемі саябақ пайда болып, ақын М.Жұмабаевтың ескерткіші орнатылған еді. Тек жасыл желек жайқалған алаңқайдың келбетін мына ескірген бутиктер бүлдіріп тұр. Сондықтан, 150 шаршы метрге жайылған бұл 4 жер телімін қалалық әкімдік мемлекет меншігіне қайтармақ ниетте.

Евгения Сальникова – Петропавл қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі:


– Бұл жер телімдерінің бәрі – кәсіпкерлердің жеке меншігінде. Барлығы 8 қожайын бар. Бүгінгі таңда сауда орындарының құнын бағалау шаралары жүргізіліп жатыр. Әзірге, 2 бутик бойынша бұл шаруа тындырылды. Қалған бизнес субъектілерімен келіссөздер жүргізудеміз.

Павильондарды алып тастау жайлы шаһар әкімдігінің қаулысымен келіспей отырған кәсіпкерлер сотқа жүгініпті. Бұған дейін іс 2 рет тыңдалған. Келесі отырыс қыркүйектің 4-і өтеді. Сот жерді мемлекетке қайтаруды шешсе, бутиктердің қожайындарына Жер туралы кодекске сәйкес жергілікті билік тиісті өтемақысын төлеуі шарт.

Павел Афанасьев – Петропавл қалалық мәслихатының депутаты:

 

– Олар құрылыс материалдарының құнын бағалап қана қоймай, бутиктерді басқа орынға ауыстыру барысында жұмсалатын қаражатты және кәсіпкерлер айырылуы мүмкін пайданың сомасын да есептеп, тиісті қаражатты төлеуі тиіс. Мәселен, Интернационал көшесінің бойындағы 16 шаршы метрлік бір павильон 3 млн 600 мың теңгеге бағаланды. Мұндағы бутиктердің аумағы біршама үлкен, сондықтан өтемақы мөлшері де көбірек болады.

Қожайындар бизнестен айырылмайды. Себебі, нысандарды өзге орындарға жайғастыратын орын да бөлінеді. Бұл идея шаһар тұрғындары мен қонақтарының да көңілінен шығып отыр. Дәмханалар, ломбард, валюта айырбастайтын пункттер – бұлардың бәрі вокзалдың ішіне көшірілсе, ал жаңа кейіпке еніп, жөнделіп жатқан нысанның алды жұртшылыққа ыңғайлы етіп жасалса дейді олар.

–  Мен Астанадан келдім. Бізде мұндай бутиктер атымен жоқ. Сауданың бәрі вокзалдың ішінде жүргізіледі. Менің ойымша, мына павильондар аллея көркін көлегейлеп тұр.

– Бұрын бұл жер кең болғанда көліктер еш қиындықсыз өтетін. Сөмкелерді алыстан тасып әуре-сарсаңға түспейтінбіз. Енді осы жерде тұрған артық дүниелерді алып тастаса жақсы болар еді.

Қазір қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары вокзал алдын абаттандыру жөніндегі жоспар әзірлеп жатыр. Яғни, аталған аумақ шаһар тұрғындары мен меймандары үшін ыңғайлы етіп жасалмақ. Мәселен, павильондар сүрілсе, аялдама вокзал ғимаратына жақындай түседі, тақтайдай тегіс жол төселеді. Жаңбырдан соң тобықтан келетін шалшық суды ағызатын арықтар да жасалмақ.

Саят Ермек