МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов облыстық мәслихат депутаттарына есеп берді

Өңір жетекшісі 1-ші жартыжылдықта атқарған жұмысы жайлы облыстық мәслихат депутаттарына есеп берді. Құмар Ақсақаловтың айтуынша, 6 айдың ішінде өңір экономикасында өсім бар. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстарының көлемі 1,7 есеге артыпты. Шет елдерден тасылатын тауарлардың үлесі 10 процентке қысқартылып, керісінше, экспорт мөлшері 1,3 есеге жоғарылаған. Сондай-ақ, Құмар Ақсақалов сессия барысында жоспарлармен бөлісті.

Құрылыс, агроөнеркәсіптік кешен, білім беру. Бірінші жартыжылдықта бірқатар салада өсім бар. Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов облыстық мәслихаттың депутаттарына есеп беру барысында айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– 6 айдың ішінде өңір экономикасында өсім бар. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстарының көлемі 1,7 есеге артыпты. Шет елдерден тасылатын тауарлардың үлесі 10 процентке қысқартылып, керісінше, экспорт мөлшері 1,3 есеге жоғарылаған.

Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібі бағытында теріс динамика байқалады.
Құмар Ақсақаловтың сөзінше, жекелеген машина жасау зауыттарында өндіріс қуатылығы 50 процентке дейін төмендеп кеткен. Салдарынан жергілікті бюджетке 700 млн теңге түспей қалған. Кәсіпорындардың жұмысын жандандыру мақсатында ПАМЖЗ және Киров зауытына 3,3 млрд теңге бөлінетін болды. Сондай-ақ, өңірімізге шетелдің қаржысын тарту шаралары қарқынды жүргізілуде.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Жыл басынан шетелік инвесторлармен құны 100 млрд теңгенің 10 меморандумын жасастық. Алдағы ауқытта өңір зауыттарында жүк вагондары, трансформаторлар құрастырыла бастайды. Жоспарымыз ойдағыдай орындалса, 2 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.

Білім саласына да ерекше назар аударылған. Келесі жылы облыстағы 120 мектеп күрделі жөндеуден өткізілмек. Бүгінде денсаулық сақтау ұйымдарының ғимараттары да әбден ескірген. Құмар Ақсақалов бұл мәселені көпбейінді аурухана ашу арқылы шешуге болады деді. Облыс әкімінің бұл бастамасын өңір депутаттары қызу қолдады.

Юрий Белоног – облыстық мәслихаттың депутаты:
– Өңірдегі емханалар мен ауруханалардың біразы ескірген. Оларды қайта қалыпқа келтірудің еш мәні жоқ. Себебі, шығын молынан болады. Одан да сіз айтқандай, көпбейінді аурухана тұрғызу керек. Онда тар көлемдегі мамандардың бәрі болады. Пациенттерге бір жерден сапалы медициналық қызметтер көрсетіледі. Оған қоса материалдық-техникалық базаны жаңартуға кететін шығындарды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік туады.

Денсаулық сақтау саласында 250 маман тапшы. Дәрігерлер көбінесе қала емханаларына жетіспей жатыр. Ал аудандарға дәрігерлерді тарту үшін биыл алғаш рет облыс бюджетінен 75 млн теңге бөлініпті. Бұл сома 50 маманға көтермеақы ретінде үлестіріліп берілген.

Алдағы уақытта өзге салада еңбектенетін қызметкерлерге мемлекет тарапынан қаржылай қолдаулар шаралары жалғасын табады. Мамандарды елді мекендерге тарту жұмыстарына кәсіпкерлер де ат салыспақ. Нақтырақ айтқанда, үйлер тұрғызып, жас мамандарды ынталандырмақ.
Құмар Ақсақалов ауылды жерлерде жолдарды салу және таза ауыз сумен қамту көрсеткіштерін жақсарту бағытындағы шаралар одан әрі жалғасатын болады деді.

Берік Қасен