БАҚ

МТРА жаңалықтарын жасайтын жандар

Биыл Муниципалдық телеарнаға – 20 жыл. Телевизия толқынына қосылғалы бері біздің арна облыс тұрғындарын үздіксіз өңір тыныс-тіршілігінен хабардар етіп келеді. Жаңалықтарды эфирге әзірлеу жолында күн сайын редакторлар, тілшілер, операторлар мен бейнеинженерлерден құралған шығармашыл ұжым тер төгеді.

Саят Ермек – тілші:


– Күндізгі 3-те және кешкі 8-де біздің арнаның жаңалықтарын қарау үшін теріскейліктер теледидар алдына жайғасады. Өңірде не болып жатыр, шешілмеген қандай түйткілдер бар? Бұл небәрі 25 минуттық жаңалықтар топтамасынан көрсетіледі. Бірақ, сол 25 минуттың артында редакцияның бір күндік қажырлы еңбегі жатыр.

Муниципалдық телеарна жаңалықтарын ұйымшыл әрі шығармашыл ұжым әзірлейді. Мәселен, тілшілер. Қазір арнадағы жаңалықтар бөлімінде 2 редакцияны қоса алғанда 20-ға жуық журналист бар. Олар қызықты оқиғаларды іздейді, түсірілімге барады және мәтін жазады.

Берік Қасен – МТРА тілшісі

Телевизия саласында жүргеніме 5 жыл болды. 20 жылдық тарихы бар Муниципалдық телеарнаға келгеніме дұрыс болған. Мектебі жақсы, тақырыптары әр алуан.

Түсірілім тобы ауа райын талғамайды. Маңызды оқиға орын алып жатса аптап ыстықта да, сарышұнақ аязда да жұмыс істейміз. Сондықтан, кеңседе әрқашан жылы киім, пима мен резеңке етік жатады.

Кристина Горбаченко – МТРА тілшісі:


– Қысылмай кие береміз. Өйткені, солтүстіктің қақаған аязы сүйектен өтеді. Ауырып қалуымыз да мүмкін. Сол себепті, сапалы бейнематериал жасау үшін бізге еш нәрсе кедергі келтірмеуі тиіс.

Олар камераны көтеріп алып жүгіреді, саз да кешеді, биікке де өрмелейді. Бұл – операторлардың жұмысы. Әдемі кадр түсіру үшін олар көп нәрсеге дайын. Кейде күтпеген жәйттер де орын алып тұрады.

Жұлдызбек Ермұқанов – МТРА бейнеоператоры:

 

Бір оқиға болды. Хоккей матчын түсіріп жатқанда 3 метрлік биіктіктен құлап түстім. Сонда ең алдымен өзімнің емес, камерамның амандығын ойлаппын. Әйтеуір бәрі жақсы аяқталды.

Айта кететін маңызды жайт, түсірілім тобының жұмысы мына кішкентай ғана дүниеге байлаулы. Бұл – флешка. Егер ол жоғалса, бәрі құрыды дей бер. Тырнақтап терілген видео, журналистің іздестіріп жүріп алған сұхбаты – бәрі осында. Сол себепті, оны монтаждау бөліміне жеткізгенше дейін көздің қарашығындай сақтаймыз. Ал содан кейін іске бейнеинженерлер кіріседі. Мұндағы тәжірибелі мамандар күніне 20-ға жуық материал әзірлейді.

Кирилл Чессовитин – МТРА бейнеинженері:


–  Біздің жұмыс тиянақтылықты талап етеді. Бейнемонтаждаудың қалыптасқан ережелері бар. Бірақ, кейде бұл қағидалардан алыстауға тура келеді. Өйткені, қолда бар дүниеден ерекше сюжет жинақтауға тырысамыз.

Дайын болған мәтін де, одан кейін монтаждалған материал да көк жәшікке жол тартпас бұрын міндетті түрде шеф-редакторлардың тексерісінен өтеді. Дана Ғизатова, Гүлмира Шоқтыбаева сынды тәжірибелі мамандар материал әзірлеу барысында қателіктерге жол берілмеуін қадағалап, тілішілердің жұмысына бағыт-бағдар береді.

Дана Ғизатова – МТРА қазақ редакциясының шеф-редакторы:

 

Мен материалды тексергенде сапасына қатты мән беремін. Қате болмауы керек және ақпараттың шынайылығын бағалаймын. МТРА-дағы 15 жылдың ішінде өз шәкірттерімнен осыны талап етіп келемін. Бұдан ешкім жаман болған жоқ.

Арнаның мемлекеттік тілде сапалы жаңалық таратуы – Дана Ғизатованың көпжылдық қажырлы еңбегінің нәтижесі. Ол Мунципалдық телеарна қабырғасында 2001 жылдан бері тер төгіп келеді. Қазір талантты, креативті тілшілердің тапшылығы жоқ дейді. Бірақ, осыдан 20 жыл бұрын қазақ тілді кадрладың жетіспеушілігі салдарынан жағдай мүлде басқаша болған.

Дана Ғизатова – МТРА қазақ редакциясының шеф-редакторы:

 

Арна ашылғаннан соң 5-6 жылдың ішінде кадр тапшылығы қатты сезілетін. Әсіресе қазақ редакциясында. Көбіне аудармамен шығатынбыз, тағы қазақ тілінде сұхбат беретін спикерлер де жоқтың қасы болды. М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-да журналистика мамандығы ашылғаннан кейін бұл мәселе шешіле бастады.

Көгілдір экрандағы арна студиясы шынайы өмірде, міне, мынадай. Дәл осы жерден дикторлар жаңалықтар шығарылымын тікелей эфирде жүргізеді. Қателесуге болмайды, екінші мүмкіндік жоқ. Экранның арғы жағында мыңдаған көрермен көз тігіп отыр.

Эльмира Сәдуақасова – МТРА дикторы:

 

Әрдайым қобалжисың. Себебі, жаңылып қалсаң немесе сөздің жалғауын басқаша оқысаң сөйлемнің мағынасы өзегріп кетуі мүмкін. Бұл журналистің еңбегі зая кетті дегенмен тең келеді. Сенің жаңалықтарды оқығаның – телеарнаның абыройы.

Бұл – “Диалог” бағдарламасының түсірілімі. Өңірге белгілі, дарынды жандардың ғибратты ғұмырынан сыр шертетін бұл бағдарламаның арна эфирінен алар орны ерекше. Тізгінде – Данаш Хамзина. Қарсы алдында отырған кез келген кейіпкерді әңгімеге тарта білетін тәжірибелі журналист әр түсірілімге асқан жауапкершілікпен қарайды.

Данаш Хамзина – МТРА редакторы:

 

“Диалог” бағдарламасы эфирге бұрыннан бері шығып келе жатыр, бірақ өз құндылығын еш жоғалтқан емес. Бұрындары біз арнадағы студияда жазып жүрдік. Көбіне мемлекеттік қызметшілермен, түрлі органдардың басшыларымен тілдестік. Ал, қазір бағытымызды өзгертіп, жайлы дәмханада жазамыз. Бағдарламадағы ең маңыздысы – бұл біздің кейіпкерлеріміз, олардың өнегелі өмірлері, еңбек жолдары.

Жаңалықтар болсын, бағдарламалар болсын – мұның бәрін біз ең алдымен көрермен үшін жасаймыз. Еңбегімізге олар жоғары бағаларын беріп жатса, арна ұжымына бұдан артық алғыс бар ма?!

 

– Мағжан Ахмадина есімді тележүргізуші ұнайды. Әрқашан оның бағдарламаларын сүйіп көремін.

 

– Ғумырлары ұзақ болсын, ілгері дами берсін.

 

– МТРА әрқашан отбасымызбен көреміз. Арнаға тілейтінім – мол табыс. 20 жылдық мерейтой құтты болсын. Әрқашан арнадан жағымды жаңалықтарды көрейік.

Саят Ермек