Құрылыс

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі

Медпункт, мектеп пен балаларға арналған шағын орталық. Дайындық ауылында кәсіпкер Біржан Шаймерденовтың қаржылай көмегінің арқасында жаңа нысандар тұрғызылып, ескілері қалыпқа келтіріліп жатыр. Сондай-ақ, іскер азамат ауылға қоныс аударғандар мен серіктестік қызметкерлеріне арнап баспана тұрғызуда.

 

Дайындық ауылындағы мына мектеп 1967 жылы бой көтеріпті. Содан бері бірде-бір жөндеу көрмеген. Биыл жергілікті кәсіпкердің қаржылай көмегінің арқасында мектеп қалыпқа келтірілді. Білім ошағының аумағы 600 шаршы метрге дейін кеңейтіліп, жаңа жиһаздар сатып алынды. Барлық қажетті шаруаны атқару үшін 65 млн теңге қаржы жұмсалыпты. Оның 7 млн-ы облыстық бюджеттен тартылса, қалған қаражатты жергілікті кәсіпкер бөлген. Жалпы, мектепте 42 бала білім алады. Сондай-ақ, нысанның дәл жанынан 2 жыл бұрын шағын орталық тұрғызылыпты.

Талғат Рамазанов – Дайындық орта мектебінің директоры, Аққайың ауданы:


– 20 орынға шақталған орталық. Қазір 12 баланы қабылдайды. Біржан Әбділманұлы 2016 жылы 11 млн қаржы бөліп, осы шағын орталықты салып берді. Ата-аналар айына 7,5 мың теңге төлейді.

Ал, жергілікті медициналық пунктте барлық ауыл тұрғындары келіп ем алады. Нысан қажетті жабдықтармен қамтылған. Оның құрылысына кәсіпкер 12 млн теңге қаражат жұмсапты. Емдеу орнының салынғанына небәрі бір жыл болса, мешіт осыдан 20 жыл бұрын бой көтерген екен. Бұл нысан да Біржан Шаймерденовтың бастамасымен тұрғызылған.
Сондай-ақ, кәсіпкер ауыл адамдарын баспанамен қамтып отыр. Биыл жоспарлап қойған 7 үйдің 3-уінің құрылысы аяқталып қалған. Іскер азаматтың айтуынша, бір баспананы тұрғызу үшін шамамен 5 млн теңге қажет. Алайда, бұл үйлер небәрі 500 мың теңгеге ұсынылып жатыр.
Осыйлайша, бизнесмен серіктестікте жұмыс істейтін қызметкерлерге үлкен материалдық қолдау көрсетуде.

Меруерт Рысова – Дайындық ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:


– Ауылға осыдан 7 жыл бұрын көшіп келдік. 5 балам бар. Тұрмысымыз жаман емес. Өткен жылы Біржан Шаймерденов жаңа үй салып берді.

Мұнда ауыл тұрғындарына барлық жағдай жасалған. 3 жыл бұрын әр баспана орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылып, үйдің ішіне су тартылыпты. Жалпы, “Дайындық” серіктестігі Аққайың ауданындағы тұрақты және дамып келе жатқан шаруашылықтардың бірі екені белгілі. Егін және мал шаруашылығымен айналысатын агроқұрылымда бүгінде 1200 басқа арналған кешен бой көтеріп жатыр.

Біржан Шаймерденов – “Дайындық” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:


– Қазір баздың бір жағы салынып жатыр. Осы жылдың соңында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Құрылыс басталғалы бір ай болды.

Сонымен қатар, кәсіпкер осы елді мекенде 18-ші ғасырда өмір сүрген Жансүгір батырға арнап мазар тұрғызған. Нысанның салтанатты ашылуы қыркүйектің 22-сіне белгіленгеніп отыр.

Қайрат Бабаков – Лесной ауылдық округінің әкімі, Аққайың ауданы:


– Сәулет құрылысының басты идеясы – Біржан Шаймерденовқа тиесілі. Қаражат жағынан да ол кісі көмек көрсетті.

Кәсіпкер алдағы уақытта да кіндік қаны тамған жерінің тыныс-тіршілігін кеңейтіп, дәулетін асқақтатуға өз үлесін қоса бермек.

Мөлдір Шаяхмет