Қоғам

Жазасын өтеушілердің жұмыспен қамтылуы

Бүгінде өңірдегі түзету мекемелеріндегі 17 бос нысан кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға берілген. Осылайша, 150-ден астам жазасын өтеуші жұмыспен қамтылып отыр. Көбіне, олар киім-кешек тігеді, ағаш пен металлдан түрлі бұйымдар жасайды.

 

Түзету мекемелеріндегі нысандарды сенімгерлік басқаруға алып, ісін дөңгелетіп отырған әр кәсіпкер мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментімен келісім шарт жасасқан болатын. Бизнесмендер жүктелген міндеттерін орындап жатыр ма? Жыл сайын олар осы турасында есеп беріп отыруы тиіс. Мәселен, Петропавлдағы әйелдер түзету мекемесіндегі 4 нысан – “Щёголев” ЖК-інің қарамағында.

Светлана Скляр, “Щёголев” ЖК өндіріс жөніндегі жетекшісі:


– Бізде жуынуға арналған жөкелер, жаңбырдан қорғайтын сулықтар және күзет, сауда қызметкерлерінің арнайы киімдері мен алжапқыштар тігіледі. 16 адам жұмыс істейді, 100-ден астам тұлғамен қызмет көрсету бойынша келісім шарт жасалған. Нысандардың ішінде ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Бұл мақсатта 200 мың теңгедей қаражат жұмсалды.

Түзету мекемесінде жұмыспен қамтылған жазасын өтеушілерге төленетін айлық заң бойынша ең төменгі жалақы мөлшерінен кем болмауы тиіс. Алайда, кәсіпкерлердің бірқатары бұл шартты орындамайтын көрінеді.

Қарлығаш Шакенова, СҚО мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы:

– Декларация бойынша 22 сотталушының жалақысы ең төменгі еңбекақы мөлшерінен, яғни 24 мың теңгеден кем. Ал шарт бойынша жалақы бұл сомадан жоғары болуы тиіс. Себебі неде?

Светлана Скляр, “Щёголев” ЖК өндіріс жөніндегі жетекшісі:


– Сотталғандардың кейбірі жұмысқа келмейді. Апталап еңбек етпейтін жұмысшылар бар. Қалайша, біз оларға шарттағы жалақыны төлейміз?

Ал Айыртау ауданындағы ЕС-164/8 түзету мекемесіндегі 8 нысан – 6 кәсіпкердің қарамағында. Цехтарда бүгінде 55 жазасын өтеуші жұмыс істейді.

Татьяна Царёва, “ЭкономСтройИнвест” ЖШС өкілі:


– Біздің серіктестікке аумағы 90 шаршы метрді құрайтын нысан берілді. Өткен жылы тамыз бен желтоқсан айларының аралығында шатырды жөндедік, қабырғаларды қалыпқа келтірдік, өртке қарсы дабыл жүйесін орнаттық, электр желісін жаңадан тарттық. Бүгінде 8 жазасын өтеуші адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Олар металлдан және ағаштан бұйымдар жасайды.

Колониялардағы нысандарда көбіне тігін бұйымдары, жартылай дайын тағамдар, жиһаз және сәндік бұйымдар жасалады.

Сергей Саулов, СҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкері:


– Әрбір кәсіпкермен жеке-жеке шартқа отырамыз. Мұнда оның міндеттері көрсетілген. Мәселен, нысандар бизнес субъектілеріне тегін беріледі. Коммуналдық төлемдерді ғана жабады. Қажет болса ішінде жөндеу жүргізіп, қалыпқа келтіруі тиіс.

Қазіргі таңда теріскейдегі түзету мекемелерінде қаңырап тұрған 17 орын кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға берілген. Бүгінгі таңда мұнда 150-ден астам жазасын өтеуші еңбек етіп, ақша табады.

Саят Ермек