Білім

“Жаңа толқын” облыстық әдістемелік шеберханасы

Үздіктердің үздігі. Өрлеу біліктілікті арттыру институтында “Жаңа толқын” облыстық әдістемелік шеберханасы өтті. Шараға Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы мен Кембридж университетінің білім беру факультеті бірлесіп әзірлеген курсты тәмамдаған педагогтар қатысты.

 

Анар Құлатаева – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Фонетика, лексика мен грамматика, ертегі, аңыз және троп туралы өткен жылдан бері ұстаз оқушыларға жаңа форматта түсіндіріп келеді. Бұған себеп – былтыр 5-ші және 7-ші сыныптарға жаңартылған білім беру мазмұнының енгізілуі. Жаңашылдық 17 жыл қатарынан 45 минут бойы сабақ түсіндіріп, тақырыпты жеткізуге тырысқан педагогтың жаңа қырын ашты деуге болады. Өйткені, бұл формат оқушылармен жасайтын жұмысты түрлендіруге септесіпті. Бүгін осы тәжірибесімен тіл маманы әріптестерімен бөліспек.

Анар Құлатаева – “Парасат” мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Қызылжар ауданы:

– Мен сабақ басталмас бұрын мақсатын белгілеп аламын. Оқушылар да осы сабақтан не білгілері келетінін жазады. 40 минут өткен соң, оның орындалғанына қарап баға қойылады.

Залға жиылғандардың барлығы – өңіріміздің бетке ұстар мұғалімдері. Олар 2012 жылдан бастап Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы мен Кембридж университетінің білім беру факультеті бірлесіп дайындаған курсты тәмамдапты. Бүгінге дейін өңіріміздің 1400-ге жуық педагогы тиісті сертификатты иеленген. Сол уақыттан бері жыл сайын “Өрлеу” біліктілікті арттыру институты аталған ұстаздар үшін «Жаңа толқын» әдістемелік шеберханасын ұйымдастырады.

Гүлмайда Мүсетаева – «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы СҚО ПҚ Біліктілікті арттыру институтының ИДӘҚ бөлімінің жетекші маманы:


– Сертификатталған 97 мұғалім бізге өз өтініштерін жіберді. Жобаларына қарап, 8 ұстазды әдістемелік шеберханаға шақырдық.

Біркүндік семинар ұстаздар қауымының өзара тәжірибе алмасуына арналған. Яғни, бірі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын сабақ барысында қалай жүзеге асыратындарын айтып жатса, енді бірі жаңартылған білім жүйесімен тиімді жұмыс істеуді сөз етуде.

Эльмира Садвокасова