МТРА жаңалықтарыҚоғам

СҚО қоғамдық кеңес мүшелерінің бірінші съезі өтті

Ауылдардағы жолдың тозуы мен ауыз су мәселесі. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасының деңгейі. Бүгін Солтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің бірінші съезінде осы және өзге де күрмеулі жәйттар қозғалды. Оны шешудің амалдары қарастырылды.

 

2,5 жылдың ішінде нендей жұмыстар атқарылды? Отырыс барысында аудандардағы қоғамдық кеңестердің төрағалары бірінші съезд барысында тындырған істері жайлы есеп беруде. Бүгінде аталмыш институттың құзырына бірнеше функция берілген. Атап айтқанда, олар жергілікті бюджетті қарайды, оның орындалуын қадағалайды. Атқарушы органдардағы қызметтің ашықтығын және тұрғындар құқығының қорғалуын қамтамасыз етеді. Әр ауданның өкілі мінберге шығып, шешімін таппай жүрген олқылықтарды жіпке тізді. Мамлют ауданындағы қоғамдық кеңестің төрағасы Тілеген Омаровтың айтуынша, ауданда мемлекеттік қызмет сапасы төмендеп кеткен.

Тілеген Омаров – Мамлют аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы:


– Мамлют ауданы мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша көш соңында. Тұрғындардың шағымдары негізінде қоғамдық кеңестің айтқан ұсыныстары аудандағы атқарушы орган өкілдері тарапынан ескеріле бермейді. Бұл мәселені жіті қарастыру керек.

Ал Ақжар ауданындағы қоғамдық институттың төрағасы Бектұрсын Қасеинов тұрғындарды бәрінен бұрын жол мәселесі алаңдатады дейді.

Бектұрсын Қасеинов – Ақжар аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы:

– Ақжар ауданының тұрғындары бізге жол және судың мәселелерімен жиі жүгінеді. Таза ауыз суды тарататын пункт жекенің қолына өтті. Олар суға ақша алады, бірақ тұрғындарға тіршілік көзін бермейді. Бұл мәселені аудандық әкімдік те шешіп бермей жатыр.

Облыстық қоғамдық кеңес мүшелірінің бірінші съезінде аудандардағы ұйымдарға бірқатар ұсыныс берілді.

Берік Қасен