Халық тарих толқынында

Сегіз серінің шекпені облыстық тарихи-өлкетану музейіне табысталды

172 жылдық тарихы бар көне жәдігер. Бүгін теріскейліктердің назарына Сегіз серінің шекпені ұсынылды. Баға жетпес мұра 19-ғасырдан бері Қарағанды жерінде сақталып келген. Құнды шапан облыстық тарихи-өлкетану музейіне табысталды.

 

Бүгін облыстық тарихи-өлкетану музейі үшін айрықша маңызды күн. Өйткені, мұражайдың құндылықтар қоры толығайын деп отыр. Мәдениет ошағына 19-ғасырда атағы жер жарған әнші, ақын, композитор Сегіз серінің шекпені сыйға тартылмақ. 172 жылдық тарихы бар көне шапан осы уақытқа дейін Қарағанды облысында сақталып келген. Сөйтсе, сырт киімді серілік құрып жүрген ақынға 1846 жылы Ұлытау бөктерін мекендеген Ерден батыр жапқан екен. Дәл осы сапарында Сегіз сері Омбыдағы орыс-түзем мектебінде бірге оқыған жолдасын кезіктірген. Көріскенге қуанып әнші сыйға алған шапанын иығынан шешіп, жан досы Жиеналы Досжановқа беріпті. Сол уақыттан киелі шекпенді осы отбасы көзінің қарашығындай сақтап келген.

Есімбек Мұқанжаров:


–  Мен бұл шекпеннің Сегіз серінікі екенін білген жоқпын. Анам бізге оны қолымызға ұстатпайтын да. Жылына бір-екі рет далаға шығарып кептіретін.

Енді, сексеннің сеңгіріне шыққан қария Сегіз серінің шапанын ақынның ұрпағы мен жергілікті музей қорына табыстауды жөн көріпті. Жәдігерді Ақмола мен Жезқазған облыстарының мұражайлары да алмақ болған екен. Алайда, ата-бабасынан аманат болып қалған шекпенді Мұқанжаровтар отбасы туған жеріне табыстауды жөн көрген. Ол туралы естіген «Асыл мұра» орталығының қызметкері Ахметжан Қуантаев арнайы кездесу ұйымдастырып, жергілікті музейге табыстауын сұрапты. Атап өту қажет, бұл Сегіз серінің артынан қалып, бүгінге дейін сақталған жалғыз жәдігер екен.

Ахметжан Қуантаев – «Асыл мұра» орталығының қызметкері:


–  Сегіз серіден ұрпақтарына қалған барлық жәдігерлер бүгінге дейін сақталған жоқ. Ең соңғылары Азаматтық соғыс кезінде көзі жойылыпты.

Баға жетпес мұраны облыстық тарихи-өлкетану музейіне сыйға тартқан Есімбек Мұқанжаров өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың алғыс хатымен марапатталды.

Эльмира Садвокасова