Құқық қорғау органдары

ҚР Конституциясы күніне орай 70-ке жуық тәртіп сақшысы марапатталды

ҚР Конституциясы күні мерекесі қарсаңында ішкі істер департаментінде салтанатты жиын өтті. Шарада қызмет барысында ерекшеленген 70-ке жуық тәртіп сақшысы Құрмет грамотасы және төсбелгілермен марапатталды. Толығырақ келесі бейнематериалда.

 

Тәртіп сақшысы атану – қиын әрі жауапты мамандықтардың бірі. Десе де, бүгінгі шарада өздеріне жүктелген міндеттерін абыроймен атқарып, қызметтерінде жоғары нәтижеге қол жеткізген мамандар марапатталды. Олардың арасында кәсіби біліктілігін таныта білген Максим Ильин де бар. Бүгін азамат облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болды.

Максим Ильин – СҚО ІІД ақпараттық-аналитикалық орталығының бас маманы:


– Әкем де, атам да Отанымызға адал қызмет еткен болатын. Олардың ізін басып, мен де Ішкі істер органдарында тер төгуді жөн санадым. Жалпы, еңбек жолымды Қызылжар ауданында бастадым. 3 жыл жұмыс істегеннен кейін ІІД ақпараттық-аналитикалық орталығына ауыстым. Бұл жерде 16 жыл бойы қызмет етіп келемін.

Бүгін, сондай-ақ, I және ІІ дәрежелі “Ішкі істер органдарының үздігі” төсбелгісімен 5 маман марапатталды. Солардың бірі – подполковник шеніндегі Руслан Тасимов.

Руслан Тасимов – СҚО ІІД кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары:

 

– Мен қызмет жолын 2004 жылы бастадым. Қазіргі таңда кадр жұмысы басқармасында жұмыс істеймін. Бүгін 2-ші дәрежелі төсбелгімен марапатталдым. Өте қуаныштымын.

Сонымен қатар, бірқатар азаматқа “Қазақстан полициясына-25 жыл” мерейтойлық медалі мен Алғыс хаттар табысталды.
Салтанатты шара облыстық ІІД-нің шығармашылық ұжымы дайындаған концертке ұласты.

Молдир Макишева