Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда жаңа мешіт ашылды

Петропавлда 500 орынға арналған жаңа мешіт ашылды. Күмбезі көк тіреген Алланың жердегі үйі жеке кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтардың қолдауының арқасында бой көтеріпті. Құрылысы 4 жыл бойы жүргізілген нысанның ашылуына мыңдаған солтүстікқазақстандық келді. Салтанатты жиынға еліміздің бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз бен облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.

Бүгін мешіттің ашылуына мыңдаған солтүстікқазақстандық жиылды. Имандылық ордасына қадам басқан қауым алдында ең алдымен Құран оқылды.

Кейін жиналғандар алдында облыс әкімі Құмар Ақсақалов сөз сөйлеп, Алланың жердегі үйін тұрғызуға қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын жеткізді.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

–  Мешіт – руханият пен имандылықтың ордасы. Мешітке кез келген адам жақсылыққа жақын болайыншы деп, сауап алу үшін келеді. Мешітте көпшілікке адалдық туралы сөз айтылады. Облыстағы мешіттерде жыл сайын адамдар саны артуда. “Бірлігі бар ел бұзылмас” дейді дана халқымыз. Сондықтан, барша көмек көрсеткен азаматтарға алғысымызды айтамын.

Мешіттің ашылуына арнайы келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз да Алланың жердегі үйіне қаржы бөлген барша жандарға ризашылығын білдірді.

Серікбай қажы Ораз – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:

– Пайғамбарымыз хадиссінде: егер кім де кім бір мешіт салса, Алла Тағала оған жұмақта сондай бір үй салып береді дейді. Сондай дәрежеге ынтымақты, бірлікті көрсеткен қызылжарлықтар жетіп отыр. Баршаңыз осы мешіттің ашылуына ат салыстыңыздар.

Бұдан соң, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы мешіттің бас имамын тағайындады. Бұл қызметті Қасымхан қажы Исаев атқармақ. Жаңа мешіттің бас имамына Серікбай қажы Ораз сәттілік тілеп, қасиетті Құран Кәрім кітабын табыс етті.

Салтанатты ашылу рәсімінен соң қазақы дәстүр бойынша шашу шашылып, барлығы мешіттің ішіне кірді. Алланың жердегі үйінде орнатылған жәшіктерге садақа салып, намазға жығылды. Мұсылман жамағаты ғибадат жасайтын жаңа Алла үйінің ашылғанына дән риза.

Дүкенбай ­Өсіп – Жамбыл ауданының тұрғыны:

– 2000 жылдан бері дін жолында жүрміз. Бес уақыт намаз оқып, Ораза ұстаймыз. Қазір бала, немерелерімізді де үйретіп жатырмыз. Біздің кезімізде мұндайлар болған жоқ. Бар жүрегіммен қуанып тұрмын.

Бәзила Хамитова – М.Жұмабаев ауданының тұрғыны:

–  Осындай зәулім үйді тұрғызған барша жандарға алғысымды айтамын. Мешіт әрқашан халыққа толы болсын. Жастарымыз имандылыққа бет бұрып, бұл жер тек тәрбие, тәртіпке оқытсын.

Әлихан қажы Алпысов – Петропавл қаласының тұрғыны:

–  Мешіт әдемі, зәулім. Пішінін әдемі етіп жасаған екен. Сырты да әдемі. Қаламыздың көркі сияқты боп көрінеді.

Мешіттің аумағы 2 мың 793 шаршы метрді құрайды. Үш деңгейлі күмбез бен 4 бірдей мұнарадан тұрады. Имандылық ордасының бірінші қабатында ерлерге арналған құлшылық залы, неке қию және оқу залдары бар. Тағы мұнда үлкен асхана орын тепкен. Екінші қабаты әйелдер қауымына арналыпты. Келушілерге демалу үшін саябақ салынып, субұрқақ орын тепкен. Жалпы, мешіттің айналасы әдемі етіп безендіріліпті. Ғимарат жобасының авторы – Сағындық Жанболатов. Астаналық сәулетшінің бұл осымен 5-ші үлкен жобасы екен. Қазақстаның бірнеше қаласында мешіт салған азамат Петропавлдағы нысанды қазақи стильде жасаған.

Сағындық Жанболатов – «Санар» ЖШС директоры, жоба авторы, Астана қаласы:

– 2014 жылы жобалай бастағанда бірден қазақи стильмиен жасаймыз деп шештік. Сыртын безендіргенде әдемі асыл таспен жасадық. Мешіт бір идеямен істелген. Өте әдемі болып шықты.

Мешіттің құрылысына бюарша қазақстандықтар қаржы жиып, қолдау көрсетті. Солардың бірі – Қымбат Исманова. Меккеге деп жинаған қаржысын денсаулығы сыр беруіне байланысты мешіттің құрылысына арнапты.

Қымбат Исманова – еңбек ардагері:

–  Қасиетті жерге табаным тисе екен деп едім. Бірақ, денсаулығыма байланысты бара алмадым. Сөйтіп, бала, немере, келіндеріммен ақылдасып, жолға кететін қаржыны мешіттің құрылысына аударуды жөн санадық. Мен өзім соған қуанамын.

Мағжан Ахмадина – тілші:

Алланың жердегі үйі 500 орынға шақталған. Оның құрылысына 920 млн теңгеден астам жұмсалды. Алыстан мен мұндалап өзіне еріксіз көз тартатын мешіт шаһар көркін аша түскендей.

Мағжан Ахмадина