Спорт

Петропавлда “Ринг патшасы” турнирі бастау алды

Облыс орталығында “Ринг патшасы” турнирі бастау алды. Шаршы алаңға жасы 35-тен асқан әуесқой былғары қолғап шеберлері шығып, 3 күн бойы өзара мықтыны анықтайды. Додаға Қарағанды, Павлодар, Шымкент және Ресейдің Омбы қаласынан келген 22 спортшы қатысуға ниет білдірген.

 

Шаршы алаңда – кәсіпқой емес, әуесқой боксшылар. Олардың арасында кәсіпкер, зауыт жұмысшысы және тәртіп сақшылары да бар. Солардың бірі – Қарағанды қаласының тумасы Қуаныш Исембаев. Бокспен айналысуды осыдан 16 жыл бұрын тыйған азамат бүгін былғары қолғабын тағы түйістірді. Оның қарсыласы – алматылық Арман Утеуов. Екеуі де 75 келі салмақ дәрежесінде күш сынасуда. Қарағандылық боксшы қарсыласын соққының астына алып, басымдық көрсетіп жатыр.

Сөйтіп, 3 раунд та өте шықты. Төрешілердің шешімі бойынша бұл кездесуде Қуаныш Исембаев жеңіске жетті.

Қуаныш Исембаев – турнирге қатысушы, Қарағанды қаласы:

– Жеңіске жету қиын болады деп ойламаппын. Қарсыласым өте мықты. Алайда, дайындықтың арқасында басым түстім. Осылайша, ширек финалға жолдама алдым.

Ал келесі болып шаршы алаңға солтүстікқазақстандық Алексей Орлов пен Алматыдан келген боксшы Ержан Нұрбеков шықты. Қатысушылардың жас айырмашылығы – 8 жыл. Соған қарамастан, екеуі де өздерін ұрыс алаңында сенімді ұстауда. Бір-біріне дес бермей, соққыларын дөп тигізуге тырысып жатыр. Алайда, петропавлдық Алексей Орлов қарсыласынан жеңіліп қалды.

Алексей Орлов – турнирге қатысушы, Петропавл қаласы:


– Өткен жылы осы турнирде 3-ші орынға ие болған едім. Бүгін, өкінішке қарай, қарсыласымнан жеңіліп қалдым. Аздап ширақтық жетіспеді деп ойлаймын. Жалпы, бокспен 2 жыл көлемінде шұғылданамын. Өзіме ұнайды. Себебі, бұл спорт түрімен айналысу нағыз ер адамдарға тән.

“Ринг патшасы” облыстық турнирі Петропавлда осымен 2-ші рет ұйымдастырылып отыр. Өткен жылы байрақты додада жерлесіміз Әділ Нұржауыпов жеңіске жеткен болатын.

Виктор Беспятов – турнирдің бас төрешісі:


– Биыл жеңімпаз атағына Алматы, Қарағанды Шымкент, Павлодар және Ресейдің Омбы қаласынан келген 22 боксшы үмітті. Олар 5 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсуде. Турнир халықаралық АИБА ережелеріне сай өтуде.

Ақтық сынға шыққан боксшылар Конституция күні қаламыздың орталық алаңында сынға түседі. Жеңіске жеткен былғары қолғап шебері “Чемпион белдігі” мен ақшалай сыйлыққа ие болады.

Молдир Макишева