Экология

Оқушылар арасында экологиялық жобалар байқауы өтті

«Бірге жарқырайық» халықаралық эко-фестивалі жалғасуда. Шара аясында қаланың кішкентай тұрғындары өз қолдарымен жасап әкелген медициналық мақсаттағы өнімдерін ұсынды. Сонымен қоса, жеткіншектер қызықты квест ойындарында да бақтарын сынап, бағалы сыйлықтарға ие болды.

 

Мектеп оқушыларының экологиялық жобалары жәрмеңкесіне Медина Еңсегенова тыңғылықты дайындалып келіпті. 7 жасар қыздың еңбегі «Асқабақтың сиқырлы әлемі» деп аталады. Жеткіншек асқабақтың тосабы, шырыны және майының емдік қасиеттері барын анықтаған.

Медина Еңсегенова – оқушы:


– Асқабақ-дәрумендерге бай. Оның шырыны ұйқысыздықтан арылуға көмектеседі. Сонымен қоса, асқабақ майының емдік қасиеті де бар. Майды үсік шалғанда, күйікте, бездер мен бөртпелерге жағады.

№26 мектеп-балабақша оқушысы Александра Фролова да өзгелерінен қалысар емес. 10 жасар қыз сарымсақ, лимон және күнбағыс майынан “жақпа майды” жасапты. Мұны суық тиіп, дене қызуы көтерілгенде пайдалануға болады екен.

Александра Фролова – оқушы:


– Мектепте оқушылар арасында сауалнама жүргіздім. Нәтижесінде, күз мезгілінде оқушылардың 50 пайызы ауыратынын білдім. Мен жасаған сарымсақ жақпа майы суық тигенде, дене қызуы көтерілгенде көмектеседі. Сонымен қатар, оны мұрын немесе құлақ бітелгенде де жағуға болады.

Сонымен қоса, фестиваль аясында қызықты квест ойындары ұйымдастырылды. Жеткіншектер қағаздан гүлдер жасап, алаңдағы қоқыстарды жинап, сұрыптады. Қызықты тартыстың соңында барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар үлестірілді.

Сондай-ақ, фестиваль аясында «Петропавл – менің жасыл және тұрақты қалам!» тақырыбында өнер туындылары ұсынылған көрме ұйымдастырылды.
Бұл шаралардың барлығын Астанадан келген Қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қорының өкілдері өткізуде.

Ермек Мажитов – Қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қорының атқарушы директоры, Астана қаласы:

– Бұл фестивальдің негізгі мақсаты – халық арасында экологиялық мәдениетті насихаттау жұмыстарын жүргізу. Біз экологиялық шараларды пәнге енгізуді жоспарлап отырмыз. Және өзіміздің методикалық әдістерімізді мұғалімдерге таныстырамыз. Энергияны, суды, қоқысты қалай сараптауға болатынын түсіндірмекпіз.

Қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қорының өкілдері алдағы уақытта да табиғатты қорғауға бағытталған шаралар легін ұйымдастырмақ. Соның бірі – “Экочеллендж” байқауы қыркүйектің 1-і қаладағы оқушылар арасында өтпек.

Альмира Жетпісбай