Білім

Жаңартылған білім мазмұны 3, 6, 8-ші сыныптарға енгізілді

Биылғы жылы жаңартылған білім мазмұны облыс бойынша оқушылардың 40 пайызын қамтымақ. Балалар мен мұғалімдерді қандай жаңашылдықтар күтуде? Бұл туралы бүгін өңір ұстаздары үшін өткізілген семинарда айтылды.

 

Бағалау түрінің өзгеруі, сабақ уақытының қысқартылуы мен үй тапсырмасының азаюы. Бұл соңғы екі-үш жылда білім саласына енгізілген көп өзгерістердің бір бөлігі ғана. Жаңашылдықтар биыл да мұғалімдер мен оқушылар қауымын айналып өтпеді. 1-ші қыркүйектен бастап 3,6,8-ші сыныптар жаңартылған білім мазмұнына көшеді. Осылайша, мектептердегі оқушылардың 40 пайызы жаңа жүйеге сай оқытылмақ. 20-30 жылдық еңбек өтілі бар педагогтар үшін мұндай өзгерістер салмақ салмайды. Себебі, семинар, тренинг пен арнайы курстарда бұның барлығына көңіл бөлінеді екен.

Хатира Топышева – Қазақ мектеп-гимназиясының физика пәні мұғалімі:


– Балалар сабақ барысында көбінесе өздігінен жұмыс жасайды. Сондай-ақ, берілетін үй тапсырмаларына да өзгерістер енгізілді. Ол қазір тек формула жаттап, есеп шығару емес, жоба жасау, практикалық жұмыс істеу сияқты бағытта беріледі.

Семинар барысында жаратылыстану-математика бағытындағы пән мұғалімдері үшін жаңартылған білім мазмұны бойынша жұмыс істеудің қыр-сыры түсіндірілуде. Тренерлер шарада уақытты тиімді жұмсау, критериалды бағалау сынды ең маңызды аспектілерді сөз етті. Ал, күннің екінші жартысы гуманитарлық пән мұғалімдеріне арналмақ.

Зәмзәгүл Тұрлыбаева – СҚО білім басқармасы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының аға әдіскері:

– Биылғы жылы енгізіліп жатқан өзгерістер көп. Оның барлығы бүгінгі семинарда айтылатын болады.

Оқу жоспары да барлық мектептерге бірдей берілмейді екен. Оны білім ошақтары 10 нұсқаның ішінен балалардың деңгейі, үлгерімі мен мүмкіншіліктеріне байланысты таңдап ала алады. Педагогтар бұл жаңашылдықтарға дайын. Оқу жылында да, демалыс кезінде де ұстаздар қауымы арнайы курстардан өткен болатын. Солардың бірі химия, физика, биология мен информатика пәндерінің мұғалімдеріне арналған. Өткен жылдан бері аталған сабақтар ағылшын тілінде 57 мектепте оқытылып келсе, биыл бұл қатарға тағы 150-ге жуық білім ошағы қосылады.

Эльмира Садвокасова