МТРА жаңалықтарыҚұқық қорғау органдары

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу

Орталық коммуникациялар қызметінің жергілікті филиалында кезекті брифинг өтті. Жиын барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан шаралар туралы айтылды.

Биылдан бастап жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мақсатында
облысымызда “Қоғамдық бақылау” жобасы іске қосылған болатын. Аталмыш жоба аясында заңбұзушылықтың куәгері болған адамдар WhatsApp әлеуметтік желісінде ашылған бірыңғай чатқа шағымдарын жіберуде.

Александр Бодуновский – СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру бойынша арнайы мониторинг тобының төрағасы:

 

– Жыл басынан бері WhatsApp әлеуметтік желісінде 50-ден астам өңір тұрғыны өтініштерін қалдырды. Қозғаған мәселелері түрліше. Мысалы, қызметін асыра пайдаланудың бір фактісі тіркелді. Тимирязев ауданындағы Ишим бастауыш мектебінің меңгерушісі өзі басшылық ететін мекемеге отбасы мүшелерін заңсыз жұмысқа орналастырыпты. Бұл туралы біз тұрғындардан естіп, білдік. Қазіргі таңда мектеп меңгерушісіне сөгіс жарияланып, туыстарымен арадағы еңбек келісім шарты бұзылды.

Биыл нұротандықтар университет және колледждердің жатақханаларында да бірқатар заңбұзушылықты анықтапты. Атап айтқанда, рейд барысында студенттер үйінде бөгде адамдар тұрып жүрген. Бүгінде білім ордаларының басшылары аталған олқылықтарды түзеді дейді спикерлер.

Сондай-ақ, брифинг барысында жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан өзге де күрес шаралары туралы сөз болды.

Әсемгүл Есқожа – “Қоғамдық келісім” КММ басшысы:


– Адамдардың көбі шағымдарын айтып, мемлекеттік органдарға бара бермейді. Сондықтан, біз биылдан бастап тұрғындарды ғимараттардың ішінде емес, қоғамдық орындарда, сауда үйлерінде қабылдадық. Бұл шаралар өз нәтижесін берді. Өткен жылмен салыстырғанда өтініш-тілектер саны 2 есеге артты.

Қала тұрғындарының дені жолдың сапасына шағымданыпты. Айтуларынша, Жамбыл Жабаев және Володарский көшелері жөндеуді қажет етеді. Аталған өтініштер бойынша шешім қабылданып, аталған учаскелер қалпына келтірілетін болды.

Альмира Жетписбай