ТЖ

Саңырауқұлақ теруге шығып, адасып кеткен

Саңырауқұлақ теруге шығып, адасып кеткен. Тамыз айында тоғайға барып, қайтар жолды таппаған 3 солтүстікқазақстандықтың өмірін құтқарушылар аман алып қалды. Осындай оқыс оқиғаларға тап болмау үшін мамандар қарапайым ережелерді ескеруді сұрайды. Балықшылар мен аңшылардың да сақтық шараларын ұмытпағаны абзал.

Бүгіндері тұрғындар қысқа азық жиып алудың қамында жүр. Жидек теру науқаны аяқталғанымен, қазір саңырауқұлақ маусымы басталды. Бірақ, кейде тоғайға себет ұстап шыққандар қарапайым ережелерді сақтай бермейді. Ал, оның арты соқпақты болуы мүмкін.

Мағжан Ахмадина – тілші:

 

– Саңырауқұлақ терудің қызығына батқандар кейде тоғайдан тоғайға жүгіріп, көп өнім бар жерді іздейді. Сол кезде көлігін не жақындарының қайда қалғанын білмей адасуы мүмкін. Осындай оқыс оқиғаға тап болмау үшін ұялы телефонды қолдан тастамай бірден жанында жүргендерге хабарласу керек дейді мамандар. Егер олар телефон тұтқасын көтермесе, онда 112 нөмірін теру қажет.

Дәл осылай әрекет еткен 38 жастағы азаматтың өмірін құтқарушылар аман алып қалған. Ол тамыздың 24-і күні Қызылжар ауданындағы Березовка ауылының маңындағы орманға саңырауқұлақ теруге шығады. Алайда, бұл маңды білмейтін петропавлдық адасып кетеді. Оның үстіне денсаулығы сыр беріп, сол жерде құлап қалады. Өздігінен қозғала алмаған ер адам бірден құтқарушыларға хабарласыпты.

Болатжан Асқарбеков – СҚО ТЖД бөлім бастығы:


– Ол өзінің қай ауылдың маңында жүргендігін айтты. Содан бірден жедел құтқару жасағының тобы іздеуге шықты. Әрине, толассыз жауған жауын іздеу шараларына кедергі келтірді. Десе де, көп ұзамай мамандар адасып кеткен азаматты тауып, оған көмек көрсетті. Тағы құтқарушылар күні кеше, яғни тамыздың 26-сы күні саңырауқұлақ теруге шығып, жол таба алмай қалған Белое ауылының тұрғынын да іздестірді. 70 жастан асқан кейуана 2-3 сағаттың ішінде табылды.

Осындай оқыс оқиғалар орын алмас үшін мамандар сақтық шараларын естен шығармау керек дейді.

Болатжан Асқарбеков – СҚО ТЖД бөлім бастығы:


–  Белгісіз жерге саңырауқұлақ теруге шыққан жандар өзімен бірге ұялы телефонын алып жүруі тиіс. Әрине, барлық жерде байланыс ұстамаса да, 112 нөміріне хабарласуға мүмкіндік болады. Тағы ысқырғыш та қалтасына салып жүрсе жақсы болар еді. Сөйтіп, олар өздерінің қайда екендіктері жайлы белгі бере алады. Ауырлық тудырса да, жылы киімдер алып жүру керек. Өйткені, іздеу жұмыстарының қанша уақытқа жалғасатыны белгісіз.

Құтқарушылар биыл тамыз айының өзінде-ақ, адасып кеткен 5 солтүстікқазақстандық ісдезтіріпті. Олардың 3-уі саңырауқұлақ теруге шықса, 2-уі балық аулауға аттанған. Бүгіндері балықшылар үшін де қызған шақ. Алайда, су маржанын қармаққа түсіремін дегендер кейде оқыс оқиғаларға тап болуы мүмкін.

Виктор Держанский – СҚО ТЖД жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары:


– Балықшыларға айтарымыз, суда резеңке қайықпен жүзбеңіздер. Өйткені, тіршілік көзінің астында сым, бұталар шығып тұруы мүмкін. Олар резеңкені тіліп жібереді. Және қайықта отырғанда ақырын қозғалу керек. Әйтпесе, аударылып кетуі мүмкін. Тағы айта кетер бір жайт, балықшылар үнемі құтқару жилетін киіп жүруілері тиіс.

Қыркүйек айында тағы аңшылық маусымы басталады. Сондықтан, саят құруға шыққандар да “Сақтансаң, сақ боларсың” деген қағиданы ескергендері абзал.

 

Мағжан Ахмадина