Мәдениет

Қазақ халқы туралы мәліметтер Ұлыбритания азаматының кітабынан табылды

20-шы ғасырдың басында өмір сүрген қазақтар туралы мәліметтер Ұлыбритания азаматының кітабынан табылды. Джон Уорделл өз еңбегінде ата-бабаларымыздың тұрмыс салтын, Ақмола өңірі өнеркәсібінің даму кезеңдерін жазған. Британдықтың аталмыш еңбегін филолог Мәдина Анафинова орысшаға аударып, жерлестеріне таныстырды.

«In the Kirgiz Steppes». Қазақшаға аударғанда “Қырғыз даласында”. Бұл кітаптың авторы – Ұлыбритания азаматы Джон Уорделл. Британдықтың еңбегін филология ғылымдарының кандидаты Мәдина Анафинова орысшаға аударған.

Мәдина Анафинова – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті:


– Ұлттық мәдениетіміз айыр қалпақты ағайынға ұқсас болғандықтан Джон Уорделл еңбегін «In the Kirgiz Steppes», яғни “Қырғыз даласында” деп атапты. Автор қазақ жеріне 20-ғасырдың басында аяқ басқан. Ал, ол кезде саясаттың қандай болғанына тарих куә. Джон Уорделл осы жөнінде жазбасында түсініктеме бере кеткен. Негізі, ол тарихшы емес, инженер-геолог. 5 жыл бойы Ақмола, Солтүстік Қазақстан өңірлерінде тұрған.

Джон Уорделл 1917-18 жылдары Ақмола облысындағы Спасск, Сарысу зауыттарында жұмыс істепті. Сол кезеңдерде қазақ халқының тұрмысы, мәдениетін көріп, салт-дәстүріне тамсанған. Бұл туралы ой толғаулар автордың жазбаларында бар.

Мәдина Анафинова – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті:


– Джон Уорделл осы жаққа 100 жыл бұрын келген. Ол кісіні қазақтардың қонақжайлылығы, шыдамдылығы және бай мәдениеті таңқылдырған. Қазақ әйелдері сүттен тағамның 30 түрін әзірлейді деп өз еңбегінде жазыпты.

Шетелдіктің еңбегінде 20-ғасырдың басында өмір сүрген қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, өлкенің табиғаты сипатталып қана қоймай, сонымен қатар Солтүстік Қазақстанның экономикалық жағдайы, өнеркәсібінің даму кезеңдері жазылған. «In the Kirgiz Steppes» еңбегі қазақ тіліне де тәржімаланған. Бүгінде баспаға дайын екен.

Берік Қасен