Экология

Облыс орталығында республикалық эко-фестиваль бастау алды

“Бірге жарқырайық”. Осындай атаумен Петропавлда республикалық эко-фестиваль бастау алды. Елордадан келген меймандар қала тұрғындарына энерготиімділікті арттыру мен жасыл технологиялар туралы баяндап, қуат көзін үнемдеу тәсілдерін түсіндіріп берді.

 

Жыл сайын облыс орталығынан қатты тұрмыстық қалдықтардың 50 тоннасы шығарылады екен. Мұның әсерінен қоршаған ортаға айтарлықтай зақым келеді. Алайда, бұл мәселені оңтайлы шешуге болады дейді елордалық мамандар. Жасыл экономикаға көше отыра экологияның ластануын азайтуға мүмкіндік бар.
Осы орайда екі жыл бұрын өңірде “Орнықты қала” жобасы қолға алына бастаған.
Мақсат – “ақылды” технологияларды дамыту, тұрғындарға суды үнемді пайдалану және энерготиімділікті арттырып, қалдықтарды тиімді қолдана білуді үйрету.
Жоба аясында кәсіпкерлер өзінің ақшасына жабдықтарды орнатып, кейін өтелген үнем нәтижесінде өзінің салған қаражатын қайтарып алады.
Қазіргі таңда республика бойынша аталған бағдарлама аясында 50 жоба ұсынылса, бүгінде оның 16-сы жүзеге асырылып жатыр.

Александр Белый – БҰҰ Даму бағдарламасы жобаларының Қазақстан бойынша менеджері:


– Соның ішінде Петропавл қаласында мақұлданған 6 жоба да бар. Қазақстан мен БҰҰ арасындағы “Жасыл көпір” әріптестік бағдарламасы аясында бұл жобаларға жеке инвестициялар тартуды қолға алдық. Яғни, кәсіпкерлер өзі тұратын елді мекендегі жарық және жылу беру жүйелеріне инновациялық технологиялар мен қондырғыларды енгізуге атсалыса алады. Кейін олардың кеткен қаржысын мемлекет үнемделген қаражат есебінен өтейді.

Жалпы, эко-фестивальдің екінші күні Қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қорының өкілдері шеберлік сағаттарын өткізіп, білім ошақтарында түрлі шараларды жүзеге асырады. Сондай-ақ, қыркүйектің бірі оқушылар арасында “Экочеллендж” конкурсы жарияланбақ. Ол Петропавлдан кейін Қостанай, Қарағанды және Астана қалаларында ұйымдастырылады.

Татьяна Немцан – Қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қоры төрағасының орынбасары, Астана қаласы:


– Эко-фестиваль жыл бойы республиканың 16 өңірінде өткізіліп келеді. Біздің қордан Петропавлға 8 адам келді. Олар секциялар бойынша бөлініп, әлеуметтік нысандарда дөңгелек үстел жиындарын ұйымдастырады. Жалпы, Петропавлдан соң Орал қаласына жол тартамыз.

Айта кетейік, эко-фестиваль еліміздің 16 қаласын қамтыған соң, Армения елінде жалғаспақ.

Молдир Макишева