Қоғам

Интернационал көшесінің бойындағы сауда нүктелерінің бірқатары сүрілді

Бүгінге дейін Интернационал көшесінің бойында қаулап тұрған шағын сауда нүктелерінің бірқатары сүрілген. Ал, жер телімдерінің қожайындарына қалалық әкімдік тиісті өтемақысын төлепті. Алайда, көше бойында кәсібін дөңгелетіп отырған бизнесмендердің басым бөлігі әлі күнге дейін бұл шаруаға қарсылық білдіруде.

 

Бүгінде шаһардың 9 көшесіне эстетиткалық тұрғыда әдемі әрі қауіпсіз су жаңа жарық бағандары орнатылуда. Мырышпен қапталған заманауи нысандардың әрқайсысында энергия үнемдейтін 2 шамнан орнатылған. Біреуінің сәулесі – көліктер жүретін жолға, екіншісінікі тротуарға түседі. Ал, сымдары жердің астымен өтеді екен. Жоспар бойынша мұндай бағаналар Интернационал көшесінде де бой көтеруі тиіс. Сондықтан, қалалық әкімдік мұндағы 28 сауда нүктесін сүріп тастамақшы. Алайда, бұл шаруаға көше бойында орналасқан жер телімдерінің қожайындары мен оны мемлекеттен жалға алған кәсіпкерлер қарсы болып отыр. Бизнесмендер сотқа да жүгінген. Бүгінге дейін екі отырыс өтіпті.

Сәбит Калимурзин, Петропавл қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:


– Жарық бағандарын орнатып, оған апарар желілерді жердің астымен өткізбекшіміз. Яғни, бұл аумақ мемлекетке қажет. Осы жағдайда біз жалға беріп отырған учаскелерді заң бойынша қайтарып алуға құқылымыз. Осы орайда сәуірдің 19-ы қалалық әкімдік қаулы шығарған болатын. Бірақ, бұл шешіммен кәсіпкерлердің басым бөлігі келіспей отыр.

Мұндағы жер телімдерінің 9-ы жекенің меншігінде екен, қалғаны жалға берілген. Әкімдік нысандардың құнын бағалап, жер иелеріне тиісті өтемақысын төлеуге дайын. Бұл шартты қабылдап, келіскен кәсіпкерлер де бар. Олардың саны – әзірге, 3-еу. Мәселен, “Ассорти” базарының алдындағы 13 бутикті жер телімінің қожайыны бұзып тастаған. Енді аялдамаға апарар қараңғы туннель атымен жоқ. Қалғандары алған беттерінен қайтар емес. Олар өз бизнестерінен айырылғылары келмейді.
Мәселеге әлеуметтің көзімен қарап көрейік. Сұрықсыз дүңгіршектер, орталықтың көркін қашырып тұр. Қала тұрғындарының көпшілігінің бұл сауда орындары жайлы пікірі осындай. Сондықтан, азаматтар олар алынып тасталса жақсы болар еді дейді.

Әлеуметтік желілерде де дәл осындай жағдай. Мұндағы сансыз посттар мен пікірлерде жерлестеріміз сауда нүктелерін бұзу қажеттілігімен келісіп отыр.

Ирина Шаврина:

 

– Баяғыда бұзып тастау керек еді. Сауда жүргізетін басқа да орындар көп қой.


Azat Tulegenov:

 

– Бұзып, жолды кеңейтсе жақсы болар еді. Бірақ, бутик қожайындарына міндетті түрде өтемақы төлеу керек.


Александра Малькова:

 

– Қаланың көркін қашырып тұрғаны айтпаса да түсінікті. Сонымен қатар, бұл жерлерден тауар сатып алатындар өте аз.

Екі жақтың арасындағы келіспеушіліктің нүктесін енді сот қояды. Бұл даулы іске қатысты үшінші отырыс қыркүйектің 5-сіне жоспарланған.

Саят Ермек