Есіл ауданында дәстүрлі “Дала күні” өтті

Аптадағы маңызды жаңалықтар

10:50 28 Тамыз 2018

Есіл ауданында дәстүрлі “Дала күні” өтті. Кездесуде жергілікті агроқұрылым басшылары орақ науқанын тиімді жүргізудің жолдарын қарастырып, синоптик мамандардың болжамын тыңдады.

 

Дихандар үшін маңызды жиынның аталған серіктестікте өткізілуі тегін емес. “Прометей-Агро” – Есіл ауданындағы іргелі агроқұрылымдардың бірі. Соңғы уақытта тың технологияларға екпін беріп жүрген серіктестіктің басшысы Юрий Шоль жиналғандарға тыңайтқыш сақтауға арналған полимер сауытты көрсетті. Артықшылығы сол, бұл бұйымды кез келген ауа райында пайдалануға болады.

Юрий Шоль – “Прометей-Агро” ЖШС директоры, Есіл ауданы:

– Минералды тыңайтқышты тасымалдауға арналған сауыттың 3 данасына қол жеткіздік. Қолданыста өте ыңғайлы. Әрбірінің сыйымдылығы 55 мың литрді құрайды. Биылғы көктемгі дала жұмыстары кезінде бұл бұйымның тиімділігіне көз жеткіздік. Полимер затты егістік басына да апаруға болады. Оған сорғы станциясын орнатса жеткілікті.

Бұдан соң, есілдік агроқұрылым жетекшілеріне “Бурго” себу кешені таныстырылды. Топыраққа дәнді және майлы тұқым сіңіруге негізделген қуатты тракторға екінің бірі қол жеткізе бермейді. Өйткені, бағасы арзан емес.
Жер емген диқандарға ала жаздай тер төгіп, күтіп-баптаған өнімін уақытында орып алу керек. Жауапты науқанды ойдағыдай атқарып шығу қолда бар техниканың ақаусыз жұмыс істеуіне тікелей байланысты. Соңғы жылдары “Прометей-Агро” серіктестігі тозығы жеткен кеңестік трактордан бас тартып, шетелдік ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуда. Өздігінен жүретін “Магдон”, астық таситын тіркемелер мен “Класс” комбайндары. Мұндай техникалардың бірін тізгіндеу Жанат Исембаевқа сеніп тапсырылған.

Жанат Исембаев – “Прометей-Агро” ЖШС механизаторы, Есіл ауданы:


– Комбайн 2001-ші жылғы, 17 жыл жұмыс істеп келемін. Мүлдем сынбайды, жылда күрделі жөндеу жүргіземіз.

Үстіміздегі жылы есілдік шаруалар 184 мың гектар алқапқа дәнді және 69 мыңына майлы дақылдар еккен. Жиында аудан әкімінің орынбасары Александр Кравчук осы берекелікті шашау шығармай жинап алу мәселесіне тоқталды. Орақ науқанына аудан бойынша 400-ден астам комбайн мен 1000-ға жуық трактор жұмылдырылуда.

Александр Кравчук – Есіл ауданы әкімінің орынбасары:


– Есіл ауданының агроқұрылымдары дән сіңіру шараларын барлық технологияларды сақтай отыра орындады. Биылғы өнімнің шығымдылығы мен сапасы жаман емес. Маңызды науқанды атқару үшін 4 мың тонна жанар-жағармайға келісім шарт жасалған. Қазірде жер емген диқандар 91 пайызға дизель отынымен қамтылып отыр.

Күзгі орақты мерзімінде жүргізу үшін жайма-шуақ күндердің мейлінше көп сақталып тұрғаны абзал. Алайда, кездесуге қатысқан “Қазгидромет” мамандары шаруаларды қуанта қоймады. Тамыздың соңы мен қыркүйек айларында жауын-шашын мөлшері шамадан тыс көп болмақ. Демек, әр ашық күнді тиімді пайдалану қажет.

Бақыт Сәдуақасов

Бұдан әрі оқыңыз

Университеттің статусы өзгерді
Өлкеге биыл келген бірқатар ақхалаттыға көтермеақы берілмеген
СҚО-да әлеуметтік нан қымбаттамайды
Бұлақ ауылындағы экологиялық жағдай
Емдеу мекемелері біріктірілуде
Облыс әкімі Тайынша ауданының тұрғындарын қабылдады
Тұрғындардан мекенжай анықтамасы талап етілмейтін болады
Түлектерді жұмыспен қамту сылбыр жүргізілуде
“Nur Otan” партиясы фракциясының отырысы өтті
“Nur Otan” партиясының Петропавл қалалық фракциясы бас қосты
19 қазан – Құтқарушылар күні
Облыстық әкімдіктің отырысы өтті