Қоғам

Мешітте «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті

Облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Игі іс-шара барысында 50 балаға оқушы сөмкесі мен мектепке қажетті құрал-жабдықтар тарту етілді.

Әйгерім Рамазанованың бес баласы бар. Екеуін – колледжге, ал үшеуін мектепке дайындап жатқан ата-ана үшін бүгінгі игі іс үлкен көмек екенін айтады.

Әйгерім Рамазанова – ата-ана:

 

– Дін өкілдеріне ризашылығымды білдіремін. Бұл – біз үшін үлкен көмек. Үш балам да мәз болып қалды.

Әйгерім Рамазанованың кенжесі – Данияр биыл 4-ші сыныпқа барады. 9 жастағы жеткіншек жазғы демалысын жақсы өткізіп, мектептегі достарын сағынған екен.
Бүгін 50 балаға сөмкелер сыйға тартылды. Оның ішінде мектепке қажетті құрал-жабдықтардың барлығы бар.

Данияр Имамбетов:

– Мен жаңа оқу жылында сабағымды жақыс оқуға уәде беремін. Бүгінгі сыйлықтар қатты ұнады.

Облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай балаларға жаңа оқу жылында сәттілік тілеп, білім алу – мұсылман міндеттерінің бірі екенін айтты. Осы орайда мешіт тарапынан ұйымдастырылып жатқан мұндай игі істердің алдағы уақытта жалғасын табатындығын жеткізді.

Кенжетай қажы Дүйсенбай – Облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы:


– Аталмыш акцияның мақсаты – балалардың 1-қыркүйек күні мектепке қажетті жаңа құрал-жабдықтарды алып баруына аз да болса көмек көрсету. Бастысы – балаларға мейірім мен қуаныш сыйлау.

Айта кеткен жөн, осындай игі іс “Қызылжар” орталық мешітінде 5 жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді.

Дана Ешкенова