Қоғам

“Дипломмен ауылға” мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асуы

Жастарды жұмысқа тарту мақсатында елімізде 2009 жылдан бастап “Дипломмен ауылға” бағдарламасы жүзеге асып келеді. Осы уақыт ішінде өңірдегі елді мекендерге 4 мыңға жуық маман барып, қызметке орналасқан. Жоба қатысушысына айтарлықтай қолдау көрсетіледі. Мәселен, қазіргі уақытта 168 мың теңге көлемінде көтермеақы төленіп, баспана алуға 4 млн теңгедей жеңілдетілген несие беріледі. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, жұмысының жемісін көріп отырғандардың бірімен арна тілшілері жүздесіп қайтты.

Махаббат Басубаева балаларға деген ерекше сүйіспеншілігінің арқасында ұстаздық жолды таңдаған екен. Арманына қол жеткізу үшін ол М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжіне ағылшын тілі мамандығы бойынша оқуға түседі. Кейін Алматы қаласындағы Орталық Азия Университетiнің сырттай бөлімінде білімін толықтырады. Оқып жүріп Мамлют ауданының Покровка орта мектебіне жұмысқа орналасқан. Ол мектепте жоғары сынып оқушыларымен қатар, шағын орталықтың бүлдіршіндеріне де ағылшын тілінен сабақ береді.

Махаббат Басубаева – Покровка орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі, Мамлют ауданы:


– Біз секілді жас мұғалімдерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіні қуантады. Бұл сапалы еңбек етуге үлкен серпін береді. Оқушылармен жұмыс жасаған өзіме қатты ұнайды. Шәкірттерім ақылды, барлығымен тез тіл табысып кеттім. Маған қызметке орналасқан кезде көтермеақы берілді. Менің ойымша, мұндай мүмкіндікті жастар пайдаланып қалулары қажет.

Махаббат Басубаева мұғалімдік қызметке “Дипломмен ауылға” бағдарламасы арқылы орналасқан. Жоба аясында 0,01 пайызбен 2 млн теңгеге жуық несие рәсімдеген. Кейін сол қаражатқа Мамлют ауданының Покровка ауылынан үй сатып алады.
Жалпы, “Дипломмен ауылға” бағдарламасы елімізде 2009 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Сол уақыттан бері өңірде мың жарымнан астам маманға бюджеттік кередиттер берілсе, 4 мыңға жуығына көтерме жәрдемақылар үлестірілген.

Жанар Ахмеева – СҚО экономика басқармасының бөлім басшысы:


– Жас мамандарды ауылдық жерлерге орнықтыру үшін облыста “Дипломмен ауылға” жобасы іске асырылуда. Оның аясында ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген әлеуметтік сала мамандарына мәслихаттардың шешімі бойынша 168 мың 350 теңге мөлшерінде жәрдемақы қарастырылған. Оған қоса тұрғын үй салуға немесе сатып алуға 3 607 500 теңге бюджеттік кредит беріледі.

Аталған көлемдегі қаржы жас азаматтардың баспаналы болуына қарастырылған.
Жалпы, үстіміздегі жылы “Дипломмен ауылға” бағдарламасы аясында мамандардың көбі Айыртау, Ақжар, Есіл, Қызылжар, Ғ.Мүсірепов және Уәлиханов аудандарына барған.

 

Дана Ешкенова