Спорт

Велоспорттан көпкүндік жарыс қорытындыланды

Кеңес Социалистік Республикалар Одағының спорт шебері Алексей МартынОвичті еске алуға арналған велоспорттан көпжарыс өз мәресіне жетті. Тартысты додаға еліміздің 5 аймағынан 80-ге жуық спортшы қатысты. Олар 4 күн бойы өзара мықтыны анықтады.

 

4 күнге созылған тартысты додада сайыскерлер жалпы 135 шақырым жерді жүріп өтті. Спортшылар алғашқы 3 күн – топтық, ал соңғы күні жекелей бәйгеде сынға түсті. Ал, бүгінгі жарысты сайыс ұйымдастырушылары спорт шебері Дана Ахметованы еске алуға арнап отыр.

Владимир Парахин – велосипед спортынан МОБЖСМ директоры:


– Дана Ахметованы еске алуға арналған сайыс осымен 2-ші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Оған көпкүндік бәйгеге қатысқан спортшылар атсалысуда. Олар 24 шақырымдық критериум жарысы бойынша өзара мықтыны анықтайды.

Сонымен, жарыс басталып кетті. Спортшылар 12 айналым жасаулары тиіс. Әрбір екінші айналымда оларға 5, 3, 2, 1 деген бал қойылады. Сондықтан, қатысушылар жеңіске жету үшін бар күштерін салуда. Алайда, аздап жел көтерілгендіктен, кейбір велошабандоздар тез шаршап, жарыс жолынан шығып қалып жатты. Мәреге бірінші болып 38-ші нөмірлі астаналық Игорь Житниковский жетті.

Игорь Житниковский – жарысқа қатысушы, Астана қаласы:

– Жеңіске жету қиын болды. Себебі, жарыс басталған уақытта мен саптың соңында қалып қойдым. Алайда, бар күшімді жинап, алдыңғы қатарға шықтым. Жалпы, бұл спорт түрімен 4-ші жыл айналысып келемін. Болашақта атақты велошабандоз болуды көздеймін.

Дода аяқталған соң Алексей Мартыновичтің құрметіне арналған 4 күндік веложарыс қорытындыланды. Айта кетейік, осымен 25-ші рет ұйымдастырылып отырған сайысқа еліміздің алыс-жақын аймақтарынан 80-нен астам спортшы қатысты. Біздің өңіріміздің намысын 24 велошабандоздан жасақталған 4 команда қорғады. Сайыстың нәтижесі бойынша жалпыкомандалық есепте Астана құрамасы топ жарып, бас жүлдені иеленді.

Ал, солтүстікқазақстандық 1-ші құрама күміс жүлдені иеленсе, 2-шісі қоланы місе тұтты.

Алексей Ваганов – жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:


– Біздің құрамамыз бүкіл 135 шақырымды 7 сағат 50 минутта жүріп өтсе, елордалық құрама 7 сағат 49 минутта бағындырды. Жарыс барысында ауа райы аздап ыңғайсыздық туғызғанымен командамыз жақсы нәтиже көрсетті деп ойлаймын.

Сонымен қатар, теріскей өңірінің жас велошабандозы Артем Шопин “Ең жас велоспортшы” аталымы бойынша марапатталды.

 

Молдир Макишева