Мәдениет

Талантты жастар арасында биден жарыс ұйымдастырылды

The YouTube ID of https://www.youtube.com/embed/fFniqmh7W8s is invalid.

Талантты жастардың сайысы. “Summer Dance Fest” фестивалі өңіріміздің 200-ге жуық бишісін бір алаңға жинады. Өнер додасында қатысушылар брейк данс және хип-хоп бағытында тартысты батл ұйымдастырды.

 

Мөлдір Шаяхмет – тілші:


–  Дәл қазір мына жерде қызу тартыс жүріп жатыр. Ортада талантты жастар бидің хип-хоп және брейк-данс бағыттары бойынша шеберліктерін көрсетуде. Оларды әділ қазылар алқасы қимылдарының тазалығы мен өзіндік стильдеріне байланысты бағалайды.

“Summer Dance Fest” фестивалі облыс орталығында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Би сайысына барлығы 200-ге жуық жас қатысуға ниет білдірген.

Ешмұхамед Имамбаев – “Summer Dance Fest” фестивалінің ұйымдастырушысы:


–  Фестивальге жасы 5-тен асқан үміткерлер қатысып жатыр. Сайыскерлер батл, яғни, жекпе-жек ұйымдастырып, бар білгендерін көрсетуде. Бишілердің өнерлерін Ресейдің Новосібір және Астана қалаларынан келген майталмандар бағалайды.

Карина Селиверстова да өзгелерінен қалыспай, байқауға қатысуда. Брейк-дансқа жақында ғана бет бұрыпты. Соған қарамастан жасөспірім жарыстан олжалы оралуға үмітті.

Карина Селиверстова – жарысқа қатысушы:


– Фестивальге 1 апта бойы дайындалдым. Өзімді жақсы көрсете білдім деп ойлаймын. Бірақ, қимылыма аздап ширақтық жетіспеді. Сондықтан, қарсыласымнан ұтылып қалдым. Алдағы уақытта шеберлігімді арттыра түскім келеді.

Ал Әділет Сейсебаевтың Каринаға қарағанда тәжірибесі мол. Себебі, ол бидің бұл түрімен 12 жасынан айналысады екен. Сондықтан, алаңда өзін еркін ұстады. Тиісінше, бұл тартыста қарсыласынан ұпайы жоғары болды.

Әділет Сейсебаев – жарысқа қатысушы:


– Мен жартылай финалға шықтым. Бимен айналысқанды жаным сүйеді. Сондықтан, оған көп уақыт бөлуге тырысамын. Жаз басталғаннан бері “Petropower” деп аталатын брейк-данс үйірмесіне қатысып жүрмін. Бүгінгі фестивальге 1 ай
көлемінде дайындалдым.

Ең үздік бишілер демеушілер тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталады. Сондай-ақ, фестивальден кейін Елордадан келген қонақтар қатысушыларға шеберлік сағатын өткізеді. Жалпы, талантты жастарды анықтайтын мұндай фестиваль келесі жылы да ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр.

Мөлдір Шаяхмет