Әр түрлі

Петропавлда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Облыс орталығында кезекті бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Шараға түрлі ұйым ат салысып, түрғындарға барлығы 200-ден астам мамандық түрін ұсынды.

 

Людмила Белоусова араға 5 жыл салып бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне келіп тұр. Айтуынша, осыған дейін Теміртауда істеген.

Людмила Белоусова:


– Жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелдім. Өзім осыған дейін клинигтік қызмет көрсету орталықтарында, кондитерлік цехтарда қарапайым маман болып еңбектендім. Бүгін жәрмеңкеде соған ұқсас кәсіп түрлерін іздеп жүрмін. “Сүт одағы” зауытына, “ViZaVi Company” компанияларына кадрлар қажет екен. Аталған серіктестіктердің телефон нөмірлерін жазып алдым.

Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі облыс орталығында биылға осымен 8-ші рет өткізіліп отыр. Шараға түрлі ұйым ат салысты.

Гүләйім Алиева – Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі секторының бас маманы:

 

– Жәрмеңкеге Төтенше жағдайлар және әділет департаменттері, түрлі кәсіпорындардың өкілдері келген. Жалпы, мұнда тұрғындарға 200-ден астам бос жұмыс орны ұсынылып отыр. Облыс орталығында педагогикалық, медициналық, техникалық мамандықтарға деген сұраныс аса жоғары.

Қалада құрылысшылыра да тапшы. Мысалы, “Құрылыс-Сервис” компаниясының бір өзіне 50-ден астам маман қажет екен.

Светлана Шаталова – “Құрылыс-Сервис” ЖШС кадрлар бөлімінің жетекшісі:


– Биыл компаниямыз көп тапсырыс алды. Жұмыс ауқымы кең. Береке шағын ауданында 100 пәтерлік, Солнечный кентінде жер үйлер тұрғызып жатырмыз. Жұмыс күші жеткіліксіз болып тұр. Бізге темір, ағаш ұсталары, тас қалаушылар, бетоншылар қажет. Еңбеккерлерге жақсы жағдайлар қарастырылған. Жалақы уақытылы төленеді. Орташа айлық 150 мың теңгені құрайды.

Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне борышкерлер де келді. Дені балаларына бірнеше айлап алимент төлемей жүр. Көбінің тұрақты қызметі жоқ екен. Оларды мұнда әділет департаментінің мамандары ертіп алып келген.

Айжан Бимақанова – СҚО әділет департаментінің бөлім басшысы:


– Жыл басынан өңірдегі жеке сот орындаушырына алиментті өндіріп алу бойынша барлығы 3,5 мың іс түсті. Көптен бері 250 солтүстікқазақстандық борышкер балаларына алимент төлемеген. Соларды біз жұмысқа орналастыруға әрекет жасап жүрміз. Олардың үйінде тәркілейтін мүліктері жоқ. Ал берешегі болса ай сайын өсіп жатыр. Оның жиынтық құны 30 млн теңгеден асып жығылады. Бүгінгі шараға 30 борышкерді шақырдық. Келмей қалғандарын әкімшілік жауапкершілікке тартамыз.

Жұмыс істеуден бас тартқандары мемлекетке 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айппұл төлейді. Тіпті, мұндай жағдайда заң бойынша 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Пробация қызметінде есепте тұрғандар да осында. Бүгінде мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған 500 адам жұмыссыз жүр.

Берік Қасен