БАҚ

Муниципалдық телеарнада еңбек ететін мамандар

Жаңалықтар мен бағдарламаларды көрермен назарына ұсыну жолында тек журналистер, операторлар мен редакторлар ғана жұмыс жасамайды. Шымылдықтың арғы жағында еңбек ететін мамандар баршылық. Олардың есімдері эфирде айтылмайды. Бірақ, бұл жандардың күнделікті қызметі телеарна үшін орасан зор маңызға ие.

Саят Ермек – тілші:


– Істен шыққан қондырғыларды жөндейтін инженерлер, қаржының тиімді жұмсалуын реттейтін есепшілер, жаңалықтардың көрерменге жетуін қамтамасыз ететін эфир операторлары, түсірілім тобын діттеген жерге жеткізетін жүргізушілер. Күнделікті МТРА-да еңбек ететін осы және өзге де мамандар арнаның толассыз жұмыс істеп, одан әрі дамуына өз үлестерін қосуда.

Микрофон, камера, компьютер, осы және өзге де техника бұзылып қалса, әп-сәтте Владимир Ирышов көмекке келеді. Өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен маман кез келген қондырғының тілін тауып, ақауды лезде жөндей алады.

Владимир Ирышов – МТРА станциялық жабдықтар бойынша инженері:


– Муниципалдық телеарнаға 2012 жылы келдім. 1,5 жылдан кейін зейнет жасына жетемін. Алайда, телевизиядағы жұмысты тастағым келмейді. Қызметім оңай емес. Үлкен жауапкершілік пен тиянақтылықты талап етеді. Бірақ, өзіме қатты ұнайды.

Тізгінін Мағжан Ахмадина ұстаған “Апталық шолу”, Данаш Хамзинаның “Диалог”-ы және “Көкейкесті”. Көрермен қауым сүйіп көретін осы және өзге бағдарламалардың барлығын журналистерден бөлек, бейнеинжер, графикалық дизайнер және режиссерден құралған шағын, бірақ шығармашыл ұжым әзірлейді. Оның құрамында МТРА-да 17 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан Сергей Усольцев та бар.

Сергей Усольцев – МТРА бейнеинженері:


– Мұнда шығармашылыққа, қиялға жол беріп, бағдарламаны көрерменге қызықты етіп жеткізу үшін тер төгесің. Шаблон деген жоқ. Қызметім сонысымен ұнайды.

Жаңалықтар мен бағдарламалардан бөлек арна эфирінде жарнаманың да алар орны ерекше. Оның сапалы болуы телеарнаның имиджіне тікелей әсер етеді.

Инна Мокрушина – МТРА продюсері:


– Әр клиентпен жеке-жеке жұмыс жасаймыз. Ең бірінші, жарнама берушімен әңгімелесіп аламыз. Оның тілектері мен идеяларын тыңдаймыз. Кейін, көрерменге ұнайтындай сапалы өнім жасаймыз.

Ал, бұл жандар болмаса тілшілер мен операторлар оқиға орнына жылдам жете алмас еді. Түсірілім тобын діттеген жерге апарып-алып кетуге 3 темір тұлпарды тізгіндеген жүргізушілер жауапты.
Мынау – эфир операторы мен дыбыс режиссерінің орны. Бағдарламалар, сондай-ақ тікелей эфирде жарыққа шығатын жаңалықтар топтамасы көрерменнің көк жәшігіне осы жерден жетеді.

Евгений Любых – МТРА бейнеинженері:


– Операторлар камераға түсіреді, журналистер жазады, бейнемонтажерлар жинайды, ал біздің жұмысымыз – шыққан материалды көрерменге көрсету. Міндетіміз өте маңызды, тетіктерді уақытылы басып, бүкіл үрдісті қадағалап отыру қажет.

Мына дәу шкафтарда эфирге шыққан материалдардың барлығы сақтаулы тұр. Оларды дискілерге жазып, реттеп қоятын архив мамандарын да естен шығармаған жөн. Ал, қызметкерлердің еңбекақысы, тағы телеарна бюджеті – есепші нәзікжанждылардың мойнында.

Саят Ермек