Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірде медицина мамандары тапшы

Қазіргі уақытта облыста 250-ге жуық дәрігер жетіспейді. Оның 85-сіне қажеттілік ауылдарда туындап отыр. Кадр тапшылығы мәселесін жою үшін тиісті шаралар қолға алынған. Медициналық ЖОО-дарын тәмамдаған түлектердің бірқатары өңірге тартылуда.

Пациенттердің шағымдарын тыңдау, диагноз қою мен ем тағайындау. Терапевт-дәрігер Айдана Аманжолова күніне шамамен 25 адамды қабылдайды. Дипломын жуырда ғана қолына алған жас маман қызметіне 1 ай бұрын кірісіпті. Қазір оған 2 бірдей учаскеден 2 жарым мың адам келіп қаралады екен.

Айдана Аманжолова – Петропавл қалалық №1 емхананың учаскелік терапевт-дәрігері:

 

– Менің көмегіме көбінесе жасы 60 пен 80-нің аралығындағы жандар жүгінеді. Күнделікті қабылдаулардан кейін мен науқастарды үйлеріне барып қараймын. Менің жұмыс уақытым – таңғы 8-ден түскі 1-ге дейін. Ал, кейінгі уақытта мен пациенттердің үйлерінде оларға ем тағайындаймын. Мен қарайтын 17-ші, 18-ші учаскелерге Ж.Жабаев пен К.Сүтішев көшелері кіреді.

Ал, Фархат Жоламан болса қалалық №1 ауруханаға 3 күн бұрын ғана орналасыпты. Алматыдағы медициналық ЖОО-ның түлегі кәсіп қиын, жауапкершілігі зор әрі үйренетін нәрсе көп дейді. Бірақ, жас маман өз алдына мақсат-міндеттер қойып, білімі мен біліктілігін арттыруға тырысуда.

Фархат Жоламан – Петропавл қалалық №1 аурухананың терапевт-дәрігері:


– Науқастарды қараған кезде біраз қобалжимын. Жас маман болғандықтан бұндай сезім бәрінде болады деп ойлаймын. Бірақ, терапевтік бөлімшедегі дәрігерлер көмектесіп, бағыт-бағдар беріп отырады. Сол үшін әріптестеріме шын жүректен ризамын.

Алдағы уақытта жас дәрігерлердің қатарына медициналық ЖОО-дарын тәмамдаған тағы 40 түлек қосылады деп күтіліп отыр. Бұл – биылғы жоспар.
Ал, өткен жылы облысқа 53 маман келген екен. Олардың 28-і қалалық емханаларда қызмет етіп жатса, 25-і аудандық ауруханаларды таңдапты. Бірақ, әлі де өңірде терапевт, анастезиолог-реаниматолог және невропатолог сынды маман иелерінің жетіспеушілігі байқалады.

Самат Сапаралы – СҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:


– Бүгінде СҚО медициналық ұйымдарында 6,5 мыңнан астам дәрігер қызмет етеді. Дегенмен, дәрігерлер тапшылығы сезіліп отыр. Өңірімізге 244 медициналық маман жетіспейді. Оның 85-і ауылдарға қажет.

Медициналық кадрлардың тапшылығы мәселесін жою үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы елдегі мециналық ЖОО-дарымен келісім шарт жасасқан. Яғни, білім ордасының түлектері қолына дипломын алған соң теріскей өңіріне келіп жұмысқа орналасады. Ал, оларға жергілікті жерде бір реттік 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай қолдау көрсетіліп, 3 жыл қатарынан жалдаған пәтерінің ақысы төленіп отырады.

Альмира Жетпісбай