Мәдениет

Петропавлға мәскеулік режиссерлер келді

Өнерсүйер қауым үшін жағымды жаңалық. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрына “Режиссерлік зертхана” жобасының аясында Мәскеуден жас режиссерлер келді. Олар жергілікті театр труппасымен бірлесіп көрерменге тамыздың 25-і күні 3 қойылымнан үзінді сахналайды.

Мына жерде әртістер швед жазушысы Ульф Старктың “Чудаки и зануды” шығармасынан алынған үзіндіні сахналауға дайындықтарын пысықтап жатыр. Қойылымға 32 жастағы Иван Пачин жетекшілік етеді. Режиссердің осы салада жүргеніне 7 жыл болыпты. Бұл аралықта ол көрермендерге 15-ке жуық еңбегін ұсынған екен.

Иван Пачин – “Режиссерлік зертхана” жобасының қатысушысы, Мәскеу қаласы, РФ:


– Мен
қоятын спектакльде 12 жастағы Симона деген қыздың тағдыры жайлы айтылады. Негізі, бұл қойылым ата-аналар мен балаларға арналған. Сондықтан, отбасымен келіп көрген қызықты болады. Жалпы, жергілікті театр актерлерімен жұмыс істеу қиын емес. Себебі, олардың кәсіби әртіс екендері байқалады. Әрқайсысы өзіне берілген тапсырманы тиісті деңгейде орындап жатыр.

Ал, мына залда Тимур Шарафутдинов қолға алған  Анастасия Букрееваның “Ганди молчал по субботам” атты қойылымының дайындығы жүріп жатыр. Бұл спектакль монолог түрінде қойылады.

Үшінші режиссер – Галина Зальцман бәрімізге белгілі Уильям Шекспирдің “Ромео мен Джульетта” спектаклін таңдауды жөн көрген. Бұл танымал қойылым болғанымен біздің өңірімізде алғаш рет сахналанбақ. Джульеттаның рөлін жергілікті театрдың актрисасы Елена Вахрина сомдайды.

Елена Вахрина – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актрисасы:


– Кейіпкерді
ң образына ену мен үшін аса қиын болған жоқ. Себебі, мен сомдайтын бейнелердің барлығы – жас қыздар. Ал, режиссерлер жас болғандықтан, олармен жұмыс істеу тәсілі де өзгеше. Жаңа дүниелерге басымдық береді. Мәселен, біздің қойылымдағы музыка заманауиға алмастырылған. Тағы осыған ұқсас біршама жаңашылдықтар бар.

Үзінділер 3 түрлі спектакльден алынса да, барлығын бір тақырып біріктіреді. Ол – драматургия. Айта кетсек, Режиссерлік зертхана Мәскеуде 2 жыл бұрын ашылыпты. Бір шаңырақ астына топтасқан шығармашыл жандар өзге қалалар мен елдерді аралап, тәжірибелерін шыңдайды екен. Бұл жолы ресейлік қонақтар Петропавлға келуді жөн көрген.

Алексей Валиев-Корнилов – “Режиссерлік зертхана” жобасының кураторы, Мәскеу қаласы, РФ:


– Біз Ресейді
ң театр қайраткерлері одағының қолдауымен ұйымдастырылған жобаның аясында келіп отырмыз. Жобаға қатысатын 3 режиссер ұсынылған спектакльдерді өзара бөліп алып, содан көрермендерге үзінді көрсетеді. Қойылымды олар 5 күннің ішінде дайындап шығарулары керек. Бүгін соңғы күн. Кейін үздік болып танылған спектакльдің режиссері келесі жылы осы қалада оның толық нұсқасын қояды.

Айта кеткен жөн, жас режиссерлердің еңбегін өнерсүйер қауым Н.Погодин атындағы орыс драма театрында тамыздың 25-і кешкі сағат 5-тен 8-ге дейін тамашалай алады. Кіру тегін.

Молдир Макишева