Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қала педагогтарының тамыз кеңесі өтті

Жаңа оқу жылына әзірлік барысын шаһар ұстаздары да пысықтады. Бүгінде барлық мектептер 100 процент оқулықтармен қамтылыпты. Оқу ошақтары жөнделіп, мұғалімдер білімдерін жетілдірген. Жиын барысында саладағы мәселелер талқыланып, жоспарлар айқындалды. Педагогтардың тамыз кеңесіне қатысқан қала әкімі Марат Тасмағанбетов мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға екпін береміз деді.

 Қазіргі таңда қала мектептерінде барлығы 2 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. 85 проценті жаңартылған білім беру мазмұны бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Жаңа оқу жылына ғимараттары да дайын. Нысандардың ішіне заман талабына сай энерготиімді құрылғылар орнатылуда.

Айнагүл Сұрағанова – Петропавл қалалық білім бөлімінің басшысы:


– Жаз мезгілінде 10 білім беру нысаны к
үрделі жөндеуден өтті. 9-шы орта мектепте терезелер, жылу және электр желілері толығымен жаңартылды. Жаңа оқу жылына барлық мектептер 100 процент оқулықтармен қамтылды. Бүгінде салада шешімін таппаған мәселе баршылық. Алдағы уақытта 2 мен 3 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту көзделуде. Қазіргі таңда қала бойынша 10 мың бөбек балабақша кезегінде тұр.

Бүгінде шаһардағы 30 білім ошағында роботехника үйірмесі жұмыс істейді.
Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында осы саланы да жеделдетіп цифрландырған абзал. Бұл бастамалар жергілікті билік тарапынан зор қолдау тауып жатыр.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:


– Жасанды интеллекті
ұғымы дүние жүзінде барған сайын жоғары сипатқа ие болып келеді. Біз көштен қалып қоймас үшін осы бастан мектептердегі материалдық-техникалық базаны жақсартуымыз керек. Бұл бағытта былтыр 5 робототехника кабинеті жасақталды. Биыл тағы 7-еуімен толығады. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы 56 лингафондық-мультимедиялық кабинет жарақтандырылып, 200 компюьтер аламыз. Бұған қаражат бөлінді. Қазірдің өзінде 3 білім ошағында ІТ-сыныптар жұмыс істеуде. Бұл шаралар өскелең ұрпаққа сандық технологияларды тез меңгеруге мүмкіндік береді.

Жиын барысында қала әкімі Марат Тасмағанбетов “БЭСТ” гимназиясының директоры Гүлнәр Арықпаеваға лингафондық-мультимедиялық кабинеттің сертификатын табыстады. Аталған білім ошағы бірнеше жыл қатарынан оқыту ісінде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр.

Гүлнәр Арықпаева – “БЭСТ” гимназиясының директоры:


– Бұл жаңа оқу жылында біз үшін үлкен сыйлық болды. Лингафондық-мультимедиялық кабинет гимназияға қажет. Өйткені, біздің оқушылар үш шет тілін: ағылшын, француз және неміс тілдерін меңгереді.

Сондай-ақ, Марат Тасмағанбетов еңбегімен ерекшеленген педагогтарды Алғыс хат және Құрмет грамотасымен марапаттады.

Берік Қасен