Әр түрлі

Жуық арада теріскейде күзгі аңшылық маусымы басталады

Қыркүйек айының бірінші сенбісінде Солтүстік Қазақстан облысы аумағында күзгі аңшылық маусымы басталады. Өңір саятшыларына құстарды атуға қазанның соңына дейін рұқсат берілген. Ал, қарашаның 1-інен бастап  тиісті жолдамалар аң аулау үшін үлестірілмек.

Қызылжар ауданындағы Водопроводное селосының тұрғыны Николай Баутин – 40 жылдық тәжірибесі бар аңшы. Жерлесіміз әр аңшылық маусымнан шет қалмай, аң-құсқа саятшылық құрады екен. Қолына қанаттыларды атуға рұқсат қағазы тиген азамат мылтығына қажет оқ-дәрісін де сатып алып қойыпты.

Николай Баутин – аңшы:


– Негізінен, дала
үйрегі, қаз бен шіл атамын. Өзімнің аңға шығатын 2 мылтығым бар. Бірі – құстарды, 2-шісі жыртқыш аңдарды атуға арналған.

Солтүстік Қазақстан облысында Николай Баутин сынды 8 мыңдай аңшы бар екен. Күзгі аңшылық маусымының басталуына санаулы күндер қалғанын ескерсек, қазір саятшылыққа әуес азаматтардың бірқатары тиісті рұқсат қағаздарын алып жатыр.
Бір айта кететін маңызды жайт, аңшылар аққу, тырналарды нысанаға алмаулары тиіс. Өйткені, бұлар – Қызыл кітапқа енген құстар.

Ережеп Жанатаев – СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:


Құстардан қаз, үйректі атуға рұқсат бар. Тек қана құстар. Ал, марал, елікті қарашаның 1-інен бастап аулаға болады. Ол енді 31-ші желтоқсанға дейін жалғасады.

Жыл басынан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары көктемгі аңшылық маусымда құстарды атқан 4 теріскейлікті анықтаған. Заңды елемеген аңшылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға ірі көлемде айыппұл салыныпты.

Бақыт Сәдуақасов