Қоғам

Өзге дін өкілдері мұсылмандарды қасиетті Құрбан айтпен құттықтады

Діндері мен тілдері басқа болса да, ділдері бір. Қасиетті Құрбан айт мерекесінде солтүстікқазақстандық мұсылман жамағатын жергілікті католиктер мен православ сенімінің өкілдері құттықтады.

Бірлік бар жерде тірлік бар. Осынау қағиданы ұстанған өңіріміздің дін өкілдері бірнеше жылдан бері бір-бірін мерекеде құттықтауды әдетке айналдырған. Қасиетті Құрбан айтында католиктер мен православ сеніміндегілер облыстық «Қызылжар» орталық мешітіне келіп, мұсылман қауымына өздерінің ізгі тілектерін жеткізді.

Владимир – Петропавл және Булаев епархиясының епископы:


– Құрбан айт мерекесін сеніміне қарамастан барша қазақстандықтар тойлай алады. Бұл мейрамның тарихы тереңде жатыр. Сондықтан, қанша уақыттан бері адамдарды ізгілікке, татулыққа шақырып келеді. Өзімнің және күллі діндестерімнің атына мұсылмандарды осы жарқын мерекемен құттықтаймын.

Құттықтау сөздерден соң, меймандар өз сыйларын тарту етті. Кейін жайылған кең дастархан басына жайғасты. Қазақтың бауырсағы мен сары майы, етінен ауыз тиген католиктер мен православ сенімінің өкілдері емен-жарқын әңгімелесті. Қандай мейрам болмасын, бір шаңырақ астына жиылатын дін қызметкерлері мұндай шаралардың маңызы зор деп отыр. Ол достығымызды нығайта түседі. Жалпы, үш күнге жалғасқан Құрбан айтында өңірдегі 70-ке жуық мешітте Айт намазы оқылып, қайырымдылық істер жүргізілген.

Кенжетай қажы Дүйсенбай – Облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы:


– Көпбалалы отбасыларға, қарттар мен жетімдер үйіне қайырымдылық жасалды. Бүгіндері кәсіпкерлеріміз мешітке әкелмей-ақ өздері де көмек керсетіп жатады. Және құрбандықтарының бір бөлігін мұқтаж жандарға берді.

Осы ретте айта кетейін, барша мұсылман қауымы күтіп жүрген 19-шы ықшам аудандағы мешіт тамыздың 28-і есігін айқара ашпақ.

Магжан Ахмадина