Спорт

СҚО-да жастар арасында ұлттық ат спорты түрлерінен ел біріншілігі өтіп жатыр

Теңге іліп, жамбы атқан, көкпар тартып, салым салған жандардың жарысы. Теріскей төрінде тұңғыш рет жастар арасында ұлттық ат спорты түрлерінен ел біріншілігі бастау алды. Оған Қазақстанның 9 бірдей аймағынан 200-ге жуық өрен қатысып жатыр. Білекті де жүректі 18-бен 20 жас аралығындағы тақымдары тастай ұлдардың додасын біз де тамашалап қайттық.

Байболат Бектемірұлы – тілші:

 – Қызылжар өңірінде ұлттық ат спорты түрлерінен 2009-шы жылы дүбірлі дода өтті. Онда ересектер сынға түскен болатын. Ал, биыл еліміздің түкпір-түкпірінен жастар жиылып отыр. Олар спорттың 4 түрі бойынша бақ таластыратын болады.

Солтүстікке Алтай мен Атыраудың арасынан жылқы десе ішкен асын жерге қояр жастар жиылды. Қазақы өнерді дәріптеген өрендер теріскей топырағында көкпар тартпақ, жамбы атып, теңге ілмек. Оған қоса білектің күші сыналатын аударыспақта бәсекеге түспек. Ұлттық ойындарды жандарына серік еткен ұлдарды облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет жарыстың ашылуымен құттықтап, спорттың ел өміріндегі маңызына тоқталды.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан, спортты дамыту мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі болып отыр. Елбасы “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласында ұлттық кодты сақтай отыра, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту керек екендігін айтты. Осы мақсатта Қызылжар өңірінде ұлттық ат спорты түрлері бойынша спартакиаданың өтуі облыс өміріндегі айрықша оқиғалардың бірі болып табылады.

Иа, мұндай дүбірлі дода елдің есінде ұзақ сақталары айдан анық. Себебі, аққайыңдар өлкесінде жастар арасында ұлттық ат спорты түрлерінен Қазақстан біріншілігі алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Мұндай іс-шара талай қатысушының делебесін қоздырып, атадан қалған өнерді ұлықтайтын ұлдардың санын арттырары сөзсіз.

Рахат Жақсыбай – ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының атқарушы директоры, Астана қаласы:

– Елімізде 300 мыңға жуық азамат ұлттық спортпен тұрақты түрде айналысады. Соңғы уақытта біз ұлттық спортқа дейтін мемлекет тарапынан болсын, жастар тарапынан болсын көңіл бұрудың жаңа бір тенденциясын байқап келе жатырмыз. Ұлттық спортымыз арқылы ұлтымыздың болмысын, келбетін тани аламыз.

Өз сөзінде Рахат Жақсыбай болашақта қазақ өнерінің аясы одан әрі кеңейтінін айтты. Азамат “Құлагер” ипподромына жиылған ағайынға Юнеско шешімімен ұлттық спорт түрлерінен тұңғыш халықаралық жарыс 2021 жылы Қазақстанда өтетіндігін сүйіншілеп жеткізді. Сайыстың ашылу салтанатында жергілікті әнші, бишілер де өнер көрсетіп, шараның сәнін келтірді. Осы сәтте көкпаршылардың тартысы басталып та кетті.

Ортада Маңғыстау мен Ақмола облысының жас көкпаршылары күш сынасып жатыр. Тақымдары тастай мықты жігіттер салмағы 25-пен 30 келі аралығында болатын серкені көтеріп, айналым ішіне апарып салулары керек. Әзірге, бұл тапсырманы ешбір құрама ойыншысы орындай алар емес. Алғашқы тайм соңында ақмолалық шабандоздар белсенді болып көрінді. Олар қарсылас алаң бірнеше рет шауып барғанымен, ұпай еншілей алмады. Негізі көршілес өңірдің шабандоздарынан құралған ұжымның 10 жылдық тарихы бар екен.

Найзабек Темірбеков – көкпаршы, Ақмола облысы:

– Құрама 2008-2009 жылдары жасақталған. Ақмола облысында арнайы мектеп бар. Ұлттық спорттық дамытуға үлес қосып жүрген жандар бар.

Тартысты өткен бірінші ойын бөлігінде есеп ашылмады. Ал, екінші таймда маңғыстаулық жастар қарсыластан басым болды. Олар қарсыластарына 4 бірдей салым салып, жеңіске жетті. Айта кетейік, құрамада көкпаршылардан бөлек ұлттық спорттың басқа да түрін таңдаған ұлдар болады.

Рамазан Махатов – жарыстың бас төрешісі:

– Командада 12 көкпаршы, 5 аударыспақшы болады. Тағы, теңге ілетін және жамбы ататын спортшы да құрамаға мүшелік етеді.

Жалпы, дүбірлі дода облысымызда тамыздың 27-сіне дейін жалғаспақ. Жеңімпаздар медаль, кубок, мақтау қағаздары мен ақшалай жүлде иеленетін болады.

Байболат Бектемірұлы