Білім

Профессор Еренғайып Шайхутдинов жерлестерімізбен кездесті

Қариялардың баға жетпес тәжірибесі жастарға аса қажет. Бүгін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің оқытушылары ғалым Еренғайып Шайхутдиновпен кездесті. Жерлесіміз өңірімізге “Туған жерге тағзым” бағдарламасы аясында Алматыдан арнайы шақыртумен келіпті. Профессор жиын барысында білім және ғылым салаларындағы жетістіктерін айтты. Келешекте жергілікті жоғары оқу орнындағы әріптестерімен тәжірибе алмасу бағытында тығыз жұмыс жасайтындығын жеткізді.

Елге танымал ғалым Еренғайып Шайхутдинов өңірімізге ара-тұра ат ізін салып тұрады. Жамбыл ауданының тумасы биыл облыс әкімінің шақыртуымен келген.

Жиында өңір жетекшісінің орынбасары Мадияр Қожахмет бүгінгі кездесудің жастар үшін аса маңызды екенін атап өтті. Сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал бүгінде Алматыда тұрады. Қалалық ардагерлер кеңесін басқарады екен. Еренғайып Мәлікұлы еліміздің беткеұстар университеттері мен институттарында табысты еңбек еткен. Мыңдаған шәкірті бар. 15 ғылым докторын, 40 химия саласының кандидатын дайындапты. Жерлесіміздің ұрпақ тәрбиелеу ісіндегі атқарған жұмысы жайлы толығырақ шәкірті Арыстан Ғазалиев айтып берді.

Арыстан Ғазалиев – профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:

– Менің ұстазым Еренғайып Мәлікұлы Қазақ мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, доценті, жоғары молекулалы қосылыстар химиясы кафедрасының меңгерушісі міндеттерін атқарды. Кейін Қазақ политехникалық институты физикалық және аналитикалық химия кафедрасының профессоры болып жұмыс істеді.

Еренғайып Шайхутдинов – 600-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Оның ішінде 9 монографиясы, 5 оқулығы мен 100-ге тарта авторлық куәлігі мен өнертабыстық патенттері бар. Медицина саласында да үлкен үлес қосқан.

Еренғайып Шайхутдинов – химия ғылымдарының докторы, профессор, СҚО құрметті азаматы:

 – Менің ғылыми жұмысым химиямен байланысты. Карбид калциядан ацетилен алады. Одан дәрі жасалады. Ол адамның денесіндегі ауру-сырқауды басады.

Еренғайып Шайхутдинов алдағы күндері түрлі мекеме ұжымдарымен кездесіп, М.Жұмабаев ауданына бармақшы.

Берік Қасен