Энергетика

Петропавл 2-ЖЭО-да жаңғырту жұмыстары жалғасуда

Бүгінде Петропавл 2-ші жылу электр орталығындағы қондырғылардың шамамен 60 пайызының тозығы жеткен екен. Оларды жөндеп не жаңасына алмастыру жұмыстарын кәсіпорын бүгінде мықтап қолға алған. Ал, “Петропавл жылу желілері” серіктестігі болса жылу тарататын құбырларды қалыпқа келтіру үшін 445 млн теңге бөліпті.

2009 жылдан бері Петропавл жылу электр орталығында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінге дейін 3 қазандық қалыпқа келтіріліп, осынша турбоагрегат алмастырылған. Бұл шаруалар орталықтың электрлік қуатын сағатына 380 мВт-тан 541-ге дейін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Вадим Ягодин – Петропавл 2-ЖЭО бас инженері:

– Жөндеу жұмыстарының арқасында орталықтағы қондырғылардың беріктігі артады. Сондай-ақ, бүгінде бір жылда өндіретін электр қуатын 831 млн кВт/сағатқа дейін жеткіздік. Осылайша, жылына шамамен 103 млн тонна көмір үнемдеп отырмыз.

Сондай-ақ, электр қуатын өндіретін ескі АТ-7 автотрансформаторы тамыздың басында жаңасына алмастырлыпты. Құны 600 млн теңге тұрады.

Бүгінде “Петропавл жылу желілері” серіктестігі де ауқымды жаңғырту жұмыстарын қолға алған. Биыл кәсіпорын 445 млн теңгедей қаражат бөліпті. Аталған сома жылу желілерінің шамамен 12 шақырымын жаңартып, құбырлардың 11 километрін оқшаулағышпен қаптауға жұмсалатын болады. Мәселен, жуырда ғана Жамбыл көшесінің бойындағы мына жерүсті жылу құбырлары жөндеу жұмыстарынан соң жарқырап тұр.

Александр Захарьян – “Петропавл жылу желілері” ЖШС бас инженері:

– Биыл оқшаулаудың жаңа әдісін қолданудамыз. Ол жылуды өзгелерінен жақсырақ сақтайды. Сондай-ақ, 30 жылдай алмастыруды қажет етпейтін болады. Айта кетейін, биыл диаметрі үлкен құбырларды қаптауға ден қойып отырмыз. Бұндай жұмыстар шаһардың барлық аудандарын қамтитын болады.

Бүгінге дейін жылдық жоспардың 34 пайызы орындалып, Петропавл бойынша желілердің 4 шақырымы қапталған. Ал, жылу құбырларының 8,8 километрі алмастырылыпты. Кеше бұл шаруа Тоқсан би көшесінің бойында басталды. Қазір серіктестік бригадасы құбырларды гидравликалық сынақтан өткізіп, беріктігін тексеріп жатыр. Желі төзімді болмай шықса, жаңасына алмастырылатын болады.

Саят Ермек