Қоғам

Қызылжар жұрты Құрбан айт мерекесін қарсы алды

Мұсылман жамағаты қасиетті Құрбан айт мейрамын қарсы алды. Кеше жерлестеріміз ертемен облыстық “Қызылжар” орталық мешітіне жиылып, Айт намазын оқыды. Кейін, 1 жылдық жан мен тәннің садақасы ретінде мал сойды. Осы сауапты іс арқылы Алланың ризашылдығына жақындады.

 – Маусым айының ортасында мұсылман жамағаты Ораза айтын атап өткен болатын. Міне, араға 70 күн салып, тағы бір ұлы мереке – Құрбан айт келіп отыр. Таңмен таласа тұрған теріскей жұрты орталық мешітке ағылып жатыр. Күннің жаңбыр жауғанына қарамастан жерлестеріміз Айт намазына жиылуда.

Айт намазы таңғы сағат 7-де оқылады. Соған кешікпеу үшін жерлестеріміз облыстық “Қызылжар” орталық мешітіне 6 жарымнан келіп жатыр. Теріскейліктер қасиетті мерекеде бір-бірімен емен-жарқын амандасты. Арнайы тұрған жәшіктерге садақа салып, жоғары көтерілді. Бұл жандардың ішінде 87 жастағы Сапура қажы Тәшенова да бар. Бүгінде 5 парыздың барлығын орындап жүрген ақ жаулықты апамыз Құрбан айттың тарихын жақсы біледі.

Сапура қажы Тәшенова – қала тұрғыны:

– Алла Пайғамбарымызға: “Бір қимасыңды бер, – деп айтады.Сонда Пайғамбарымыз жарайды Алла қимасым Ысмайл, соны берімін дейді. Сол Ысмайлды апарып бауыздайын деп жатқанда, пышағы өтпейді. Сол кезде періштелер бауыздамаңыз, көктен қошқар түсті соны құрбандыққа шалыңыз деп айтады.” Міне, содан бастап бұл келе жатыр.

Сағат тілі 7-ге жақындаған сәтте мешіт іші халыққа лық толды. Жұртшылықтың көптігі соншалық, тіпті, ине шаншарға жер табылмады. Міне, Айт намазы да басталып жатыр. Ағайын қаз-қатар сап түзеп, құдайға құлшылық етті. Сәждеге маңдайларын тигізді.

Жүздеген теріскейліктің басын қосқан Құрбан айт – мұсылмандардың қасиетті мейрамы. Адамдар бұл мерекеде мал сойып, құрбан шалу керек. Төрт түліктің етін 3-ке бөлгендері жөн. Бірінші бөлігін жетімдерге берген абзал. Ал, қалғанын өздері мен туған-туыстары алады. Осылайша, сауапты іс жасап, Алланың ризашылдығына жақындайды екен.

Мақсат Жұмажанов – ОблыстықҚызылжар” орталық мешітінің наиб имамы:

– Жан садақасы, тән садақасы деген бар. Алла тағала бір жыл бойы мұсылман кісінің денін сау қылғаны үшін, осы күнге аман жеткені үшін садақа ретінде, Раббысының разылығын алу үшін құрбандық шалу қажет. Жағдайы жеткен адам шалуы керек.  Осы Құрбан айтта қой, ешкі, сиыр және түйе малдарынан құрбандық шалынады.

Айт намазын оқып шыққан жерлестеріміз барша мұсылман қауымын Құрбан айт мерекесімен құттықтап, өздерінің тілектерін білдірді.

Қуаныш үлкен. Барша қауымға зор денсаулық, амандық тілеймін.

– Шалған құрбандығымыз қабыл болсын. Оқылған намаздарымыз сауапқа жазылсын.

Байболат Култанов