Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір педагогтарының тамыз кеңесі өтті

Жаңа оқу жылында білім беру саласында көптеген оң өзгерістер орын алмақ. Жыл соңына дейін өңірдің барлық мектептері кең жолақты интернетпен қамтылады. Осы бастан болашағы бар ауылдарда мұғалімдерге арналып баспаналар тұрғызылуда.Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасы бойынша алдағы уақытта аудандарда ІТ орталығының филиалдары ашылмақшы. Сонымен қатар, 120 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтеді. Өңір педагогтарының тамыз кеңесінде осы өзгерістер айтылып, жоспарлар айқындалды.

Қазіргі таңда өңір ұстаздары біліктіліктерін арттырып, шет тілдерін меңгеруде. Осы орайда, жаңартылған білім беру мазмұны аясында деңгейлік оқыту курстарынан өткен мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсетілетін болады. Бұл туралы жиынға қатысқан елордалық мамандар айтты.

Әлімжан Игенбаев – “USTAZ” кәсіби білім беру орталығының бас директоры, Астана қаласы:

 – Биыл тілдік курстардан 12 мыңға жуық мұғалім өтті. Оларға біздің мекеме тәлімгерлік қызмет көрсетеді. Яғни, оқушыларға пәнді шет тілінде түсіндіру кезде қиындықтар туындап жатса, сабаққа анализ жасап, мұғалімдердің қателіктерін түзетуге көмектесеміз.

Тамыз кеңесін онлайн режимінде аудан активтері де көрді. Алқалы жиында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов білім беру саласында түйіні тарқатылмаған мәселелерді қозғады. Соның бірі – шағын комплектілі мектептердің көптігі.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 – Өңіріміздегі білім ошақтарының 82 проценті – шағын комплектілі мектептер. Өзекті мәселе бірнеше жыл бойы шешілмей келеді.Шағын комплектілі мектепте оқитын бір оқушыға әдеттегіден 3 есе артық қаражат жұмсалады. Алдағы уақытта М.Жұмабаев, Мамлют және Айыртау аудандарында “Уақытша жанұя” пилоттық жобасы іске қосылады. Оның аясында оқушылар тұрмыс жағдайы жақсы отбасылардың үйлерінде тұратын болады. Осылайша, біз жолға кететін қаражатты үнемдеп қалмақшымыз. Бәрі ойдағыдай болып жатса, тәжірибені өңірдің мектептеріне таратамыз.

Өңірімізде педагогтар тапшылығы байқалады. “Дипломмен ауылға” бағдарламасы аясында мейлінше көп мұғалімге арзан несие мен көтермеақы беріледі. Ол ақшаға ұстаздар баспана сатып ала алады. Осы орайда, Құмар Ақсақалов жыл сайын облыс аумағында 1000 баспана тұрғызылатынын айтты. Жер үйлер болашағы бар елді мекендерде салынбақ. Осы жөнінде кәсіпкерлер және аграрийлермен келіссөздер жасалған екен.
Сондай-ақ, өңір жетекшісі келесі жылы аудандарда ІТ-орталығының филиалдарын ашу қажеттігін айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 – Әкімдерге қалада және аудан орталықтарында ІТ орталығының филиалдарын ашуды тапсырамын. Бұған жергілікті бюджеттен қаражат бөлінсін. Биыл Елбасының қолдауымен өңір мектептеріне 4 мың компьютер сатып алынады. Басым бөлігі ауылды жерлерге жіберіледі. Сондай-ақ, жыл соңына дейін өңірдің барлық мектептерін кең жолақты интернетпен қамту жұмысын аудан әкімдеріне тапсырамын.

Аудан тұрғындары облыс орталығына үдере көшуде. Салдарынан Петропавлда 4 мектепте балалар 3 ауысыммен оқуда. Аталған мәселені шешу мақсатында көп кешікпей қалада 3 білім ошағы салынбақ. 4-шісі Бескөл ауылында бой көтеруі мүмкін.

Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өңірімізде ескірген білім беру нысандары жетерлік. Облыс аумағындағы мектеп ғимараттарын жөндеуге 5 млрд теңге бөлініпті. Бұл сома өткен жылдармен салыстырғанда 10 есеге көп. Сөйтіп, келесі жылы 120 нысан күрделі жөндеуден өтеді.

Сондай-ақ, өңір жетекшісі интернетті жеке блогына ұстаздардан келіп түскен бірқатар сұраққа жауап берді. Мұғалімдердің көбі аудандық әкімдіктердің үстінен арызданыпты. Айтуларынша, педагогтарды мәжбүрлеп газет-журналдарды алдыртатын көрінеді. Құмар Ақсақалов мұндай жөнсіз әрекет бұдан былай қайталанбасын деді.

Жиын барысында өткен оқу жылында еңбегімен ерекшеленген ұстаздарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды.

Марапаттау рәсімінде өңіріміздегі “Үздік білім беру ұйымы” белгілі болды. Ғ.Мүсірепов ауданындағы Тоқсан би орта мектебі облыстық бюджеттен 22 627 млн теңге қайтарымсыз гранттың сертификатын иеленді. Қаражатты олар метериалдық- техникалық базасын нығайтуға жұмсамақшы. Компьютерлер мен роботехника жиынтығын сатып алады. Айта кетейік, бүгінде аталған білім ошағында барлығы 95 оқушы оқиды.

Александра Воронцова – Тоқсан би орта мектебінің директоры, Ғүсірепов ауданы:

 – Мектеп ұжымының жұмысын жоғары бағалағандарына қуаныштымын. Соңғы 10 жыл көлемінде аудан бойынша ҰБТ-дегі көрсеткіштеріміз де жақсы. Оқушыларымыз емтихандардан сүрінбей өтіп жүр. Бүгінде түлектеріміз Қазақстан қалаларында, түрлі салаларда табысты еңбек етіп жүр.

Марапаттау салтанатында бірқатар жерлесіміздің кеудесіне “Еңбек ардагері”,”Білім беру ісінің құрметті қызметкері”, “Ы.Алтынсарин” төс белгілері тағылды.

Берік Қасен