Әр түрлі

Жерлесіміз суға кеткендерді құтқарамын деп қаза тапты

Теңіз жағасындағы демалыстың арты қайғылы оқиғаға әкеп соқтырды. 41 жастағы Солтүстік Қазақстан өңірінің тумасы Таңат Смағұлов Черногория елінде суға батып бара жатқан адамдарды құтқармақ болған. 3 адамды шығарған ол төртіншісіне ұмтылғанда ажал құшты. Бүгін туған-туыстары мен жақындары батыл азаматты соңғы сапарына шығарып салды.

Сүйікті жар, қамқор әке, мейірімді бауыр мен адал дос. Әріптестерімен бір аптаға Черногорияға демалысқа аттанған Таңат Смағұлов Қазақстанға тамыздың 22-сі оралу керек еді. Туған жерінде оны туған-туыстары мен жолдастарынан бөлек, зайыбы мен 5 жасар қызы күткен болатын. Алайда, еліне бұл күні өзі емес, оның денесі жеткізілді.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Тамыздың 16-сы Адриат теңізінің деңгейі көтеріліп, салдарынан суға шомылуға тыйым салынған болатын. Алайда, 14 адам бұл ескертуге құлақ аспапты. Олардың батып бара жатқанын көрген жерлесіміз Таңат Смағұлов көмекке ұмтылған. 3 адамды өлімнен арашалап қалған ол, 4-шісін құтқармақ болып өзі де ажал құшты. Бүгін теріскейліктер бейбіт күннің батырын соңғы сапарына шығарып салмақ.

Жастайынан спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанған Таңат Смағұловтың демалысы қайғылы аяқталатынын кім білген?! Алайда, аузын ашса, жүрегі көрінетін, ақкөңіл азаматтың бейтаныс адамдарды ойланбастан құтқаруға ұмтылғаны ешкімді таң қалдырмады. Себебі, ол әрдайым кімге болмасын көмек қолын созуға даяр болыпты. Бұл жолы да өз өмірін қатерге тіккен азаматты қасындағылары тоқтатуға қанша тырысқанымен, Таңат Смағұлов болған оқиғаға бей-жай қарай алмаған.

Махаббат Зейнелова – Таңат Смағұловтың келіні:

– Төртінші адамды құтқарамын дегенде, оны достары тоқтатты. “Шаршадың, демің жетпейді” деп айтыпты. Алайда, ол құлақ аспаған. Осылайша, қаза тапты.

Батыл азаматпен қоштасуға туған-туыстары, ауылдастары мен қатарластары жиылуда. Айдарбек Жанғожин үшін қайғы мен қуанышта қасында болған Таңат Смағұловтың өмірден кеткеніне сену қиын. Ажырамас достар бірге оқып, тіпті, әскер қатарына бірге алынған екен.

Айдарбек Жанғожин – Таңат Смағұловтың досы:

– Бұрыннан бері араласып келдік. Бірге мектепте оқыдық. Арамыз еш суыған емес. Оны адамгершілігі мол, достыққа жақын адам ретінде білемін.

Таңат Смағұлов – отбасындағы 4-ші бала. Дегенмен, жастығына қарамастан, бауырларына ғана емес, үлкен аға-әпкелеріне де қамқор болыпты.

Гүлмира Амангелдинова – Танат Смағұловтың әпкесі:

– Хабарласып «Алматыға келіп кетші, демалып қайтшы» деген болатын. Бара алмадым.

Қайсар теріскей тумасының батыл қадамы барша қазақстандықтардың есінде мәңгіге қалмақ. Азамат туған жері – Жамбыл ауданындағы Амангелді ауылында жер қойнына тапсырылады.

Эльмира Сәдуақасова