Қоғам

Стандарттау және метрология саласының мамандарына арналған семинар

Талапқа сай келетін сапалы өнім. Осындай тауар шығару үшін белгілі бір стандарттар бекітілген. Бүгіндері оның бірқатарының ережелері өзгертіліпті. Құжаттағы жаңашылдықтарды қазақстандық өнеркәсіп иелері мен кәсіпорын қызметкерлеріне түсіндіру үшін өңірде үш күндік семинар бастау алды.

Елбасы өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында стандарттау салаларын жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажеттігін атап өткен болатын. Яғни, оларды халықаралық талаптарға сай етуді жүктеді. Сондықтан, бұл ретте жаңа заңнамлар қабылданып, ережелер бекітілген.

Евгений Цхай – «ҚазСтИн» РМК стандартизация орталығының жетекшісі, Астана қаласы:

– Кез келген өзгеріс жаңашылдыққа бастайды. Яғни, кәсіпорынға жаңа қондырғы алынды делік. Ол өнім түрін басқаша шығарады. Тиісінше стандарт, тауардың сапасы мен жасау уақыты да өзгереді. Өнімнің түріне байланысты ережелер де түрленіп отырады. Жалпы, бізде стандарттар 5 жыл көлемінде ғана жұмыс істейді. Содан соң орнына жаңасы шығарылады.

Бидай өнімдеріне қатысты стандарттарға биыл өзгерістер енгізілмеген. Өйткені, оларға қатысты ешқандай жаңашылдық жоқ, әзірге. Ал, азық-түлік тауарларын шығаратын кәсіпорындар үшін жаңа ережелер бар. Айталық, «Петропавл кондитер» серіктестігі жуырда ғана өнім түрлерін артттырып, үш жылға тиісті құжат алған.

Светлана Масаева – «Петропавл кондитер» ЖШС бас технологы:

– Тасымалдаушылармен проблема болмас үшін өз тауарларымызға қоспа жасаймыз. Түрлі жеміс-жидек, мейіздерді қосып өнім жасап жатырмыз. Соған декларация алдық. Шикізатты қабылдап алудан бастап, өнім шыққанға дейін бізде бақылау мықты жүргізіледі. Сапалы тауар жасауға ерекше көңіл бөлеміз. Сондықтан, жасайтын тәттілеріміз сұранысқа ие. Бүгіндері 150-ден астам өнім түрін шығарамыз. Келешекте тағы 10 шақтысын жасауды көздеп отырмыз. Сол кезде, олардың да стандартқа сай болуы үшін құжаттарын дайындаймыз.

Жалпы, 3 күндік семинар барысында бұдан бөлек тағы Еуразиялық экономикалық одақ және еліміздегі техникалық реттеу негіздері қарастырылып, стандарттау, метрология, аккредиттеу саласындағы жаңа бағыттар талқыланатын болады. Негізі, стандарттау туралы заң елімізде, әзірге, жоқ. Ол Парламент Сенатының мақұлдауында жатыр. Құжат қабылданса, алдағы күзде күшіне енетін болады. Әзірше, салада еңбек ететіндер техникалық реттеу туралы заңнамаға бағынуда.

Магжан Ахмадина