Мәдениет

Солтүстікқазақстандық әнші халықаралық байқаудан жүлделі оралды

Солтүстікқазақстандық әнші Бақыт Ілиясов Шешен Республикасында өткен “Орфей-2018” атты халықаралық байқауынан жүлделі оралды. Тамаша дауысымен қазылар алқасын тамсандырған өнер иесі академиялық вокал номинациясы бойынша 3-ші дәрежелі лауреат атанды. Жалпы, КСРО-ның халық әншісі Муслим Магомаевты еске алуға арналған бұл конкурс тамыздың 15-сі мен 18-і аралығында Грозный қаласында ұйымдастырылыпты.

Ең алдымен, Бақыт Ілиясов ұйымдастырушыларға орындаған әндерінің видеосын жіберіп, фестивальге жолдама алған екен. Жалпы, байқау ережесі бойынша қатысушылар Муслим Магомаевтың шығармашылығынан екі туынды орындауы тиіс болған. Жерлесіміз “Севильский цирюльник” және “Посмотри на луну” атты әндерді таңдапты. Қос туындыны да жоғары деңгейде орындап, қазылар алқасы мен көрерменнің көңілінен шыққан.

Бақыт Ілиясов – Облыстық филармонияның солисі:

– Біз 2 жас ерекшелігі бойынша өнер көрсеттік. Менің тобымда 22 қатысушы болды. Олардың барлығы – бірінен-бірі өткен әншілер. Бізді Ресей елінің белгілі мәдениет қайраткерлері мен атақты әртістері бағалады. Мен үшін 3-ші дәрежелі лауреат атану -үлкен жетістік.

Бақыт Ілиясовтың облыстық филармонияда жұмыс істеп жүргеніне 4 жыл болыпты. Осы аралықта талант иесі көптеген өнер додаларына қатысқан екен. Алайда, бұл – оның халықаралық деңгейдегі алғашқы байқауы. Әншімен бірге конкурсқа әріптесі Екатерина Лапухина да барған болатын.

Екатериана Лапухина – Облыстық филармонияның концертмейстері:

– Біз Бақыт екеуміз бұрыннан жұптасып жұмыс істейміз. Мен оны кәсіби әнші ретінде танимын. Өзінің әр ісіне жауапкершілікпен қарайды. Байқауға таңдаған әндері де ерекше. Бұл туындыларды орындау кез келген әншінің қолынан келе бермейді. Сондықтан, қазылар алқасы оның еңбегін жоғары бағалады деп білемін.

Өнер бәйгесіне елімізден бөлек, Ресей мен Франциядан 60-қа жуық әнші қатысыпты. Айта кеткен жөн, “Орфей-2018” фестивалі осы жылы бірінші рет өткізіліп отыр. Енді ұйымдастырушылар бұл байқауды дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр екен.

Молдир Макишева