Құқық қорғау органдары

Полицейлер велосипед ұрыларын құрықтады

Петропавлда велосипед ұрлығына қатысы бар деген күдікпен 2 жасөспірім ұсталды. Олар бұған дейін көпқабатты үйлердің подъездеріне кіріп, қос дөңгелекті көліктерді қолды қылыпты. Кейін, шайтанарбаларды қаланың кез келген жеріне тастап кетіп жүре берген.

Алайда, бөтеннің мүлкін жымқыру алысқа апармады. Ұрылар арнайы өткізілген жедел-алдын алу шарасы аясында құрықталды. Нәтижесінде жоғалған велосипедтердің біразы иелеріне қайтарылған. Қазіргі күні қолға түскендерге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Негізі жасөспірімдердің кем дегенде 7 бірдей ұрлыққа қатысы бары анықталып отыр. Кәмелет жасқа толмағандықтан екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Бірақ, ата-аналарына айыппұл салынбақ. Бүгінде айыпақының сомасы анықталып жатыр.

Жалпы, жыл басынан бері Петропавлда 11 велосипед ұрлығының беті ашылыпты. Оның 3-уіне қатысты іс екі жақтың келісімі арқылы шешілген. Ал, қалған факті сотта қаралмақ. Бұл ретте полицейлер тұрғындарды өз мүліктеріне абай болуға шақырды.

Жәнібек Оразбаев – Петропавл қалалық ІІБ 1-ші полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі:

– Көптеген тұрғындар өздерінің велосипедтерін подъездерге қояды. Бұл дұрыс емес. Ондай жерге ұрылар оңай кіреді. Мәселен, домофонға кез келген пәтердің нөмірін басады да ішке енуді сұрайды. Осылайша, арам ойларын іске асырады. Жақында ұсталған жасөспірімдер дәл осындай жолмен қос дөңгелекті көліктерді қолды қылып жүріпті. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жеке мүлікке абай болу қажет.

Байболат Култанов